«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елорданың Денсаулық сақтау басқармасы ШОБ дамуына кедергі келтіруде

2020 жылғы 15 Қаңтар
- Астана қаласы
9032 просмотров

Ел астанасында жаңадан ашылған бірқатар жекеменшік медициналық емхана Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асыруға қатыса алмай отыр

Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасы жекеменшік объектілер Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде емес, жеке инвестициялар есебінен салынғанын алға тартып, емханаларға тұрғындарды бекітіп беруден бас тартып отыр.

 Осы мәселе бүгін Ирак Елекеевтің жетекшілігімен Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде қаралды.

 Кәсіпкерлер Палатаға жіберген өтінімдерінде Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы және Нұр-Сұлтан қаласының 2026 жылға дейінгі денсаулық сақтау инфрақұрылымы дамуының өңірлік перспективалық жоспары шеңберінде жоғарыда аталған бағдарламаның елорда тұрғындарына қолжетімді қашықтықта медициналық қызметтерді қамтамасыз етуге қатысты негізгі бағыттарының бірін жүзеге асыру бойынша жұмысты жүргізген.

 «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 7 тамызындағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінде сатып алулар қағидаларын бекіту туралы» №591 бұйрығының талаптарына сәйкес кәсіпкерлер орынжайларды жалға алған, соның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мақсатты қолданысымен екі ғимарат Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік активтер басқармасынан  алынды, ғимараттарға жөңдеу жұмыстарын жүргізді, медицианлық жабдықты жөндеп, жұмысын реттеді, лицензиялар және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласында басқа да талап етілетін рұқсат құжаттарды алды. Мұның барлығы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында  жалпы сомасы 350 млн теңгеге несиелік қаражатқа алынған.

 Объектілердің медициналық қызметтерді көрсетуге толық  дайындығына қарамастан «Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Бастапқы медициналық әлеуметтік көмек көрсету Қағидаларын және БМӘК ұйымдарына тіркелу Қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 28 сәуірдегі №281 бұйрығының 4-тармағы 3-тармақшасына сілтеме жасап емханаларға халықты тіркеп беруден бас тартқан.

 Өкілетті органның пікірінше, кәсіпкерлердің объектілері денсаулық сақтаудың жаңадан пайдалануға берілген объектілері категориясына жатпайды, осы ретте жаңадан пайдалануға берілген объект жеке инвестициялар есебінен емес, бюджет қаражаты есебінен немесе мемлекеттік-жеке меншік серіктестік (МЖӘ) аясында алғаш рет салынып, пайдалануға берілген объект болып саналады.

  Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 7 тамызындағы «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінде сатып алулар қағидаларын бекіту туралы» №591 бұйрығының талаптарына сәйкес кампания кезеңінен кәсіпкерлердің тұрғындарды тіркеу туралы өтінімдері қанағаттандырылуы тиіс, өйткені аталған денсаулық сақтау субъектілері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректер базасына қосылған және тұрғындар денсаулық сақтау басқармасының комиссия хаттамасы ретінде рәсімделген бұйрығына сәйкес тіркеуге алына алады», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының заңгерлік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуанышбек Мұқаш.

 Қазіргі таңда емханалар жұмыс істемей тұр, ал жаңа аудандардың тұрғындары қолжетімді қашықтықта медициналық қызметтерсіз қалып отыр.

 

«Мемлекеттік емханалар бізге ренжімеуі үшін біз шалғайда орналасқан орынжайларды таңдадық. Әрине, бұл күрделі учаскілер, қаланың шеті, онда халықтың үлкен көші-қон легі байқалады, балалары бар жас отбасылар  – демек, бұл патронаж, дәрігерлер үй-үйді аралауы керек, сонымен қатар аз қамтылған отбасылар да көп.  Бірақ біз осы жұмысқа кірісіп, қызметтердің бүкіл спектірін көрсетуге дайынбыз!» – деді «Отбасылық дәрігерлер емханасы» ЖШС директоры Диляра Смағұлова.

Оның емханасы тұрғындарды тіркеу кампаниясына қатысуға үлгермеген, өйткені  2019 жылдың 15 қыркүйегінен бастап 15 қарашасына дейінгі аралықта емхана енді ашылып жатқан. Осы ретте кәсіпкер №591 бұйрық оларға кампаниядан тыс тұрғындарды бекітуді алуға құқық беретініне сенген.

 «Өткен жылдары мұндай тәжірибе болғанын көрдік. Мұндай тәжірибе көрші Қарағанды облысында, Алматыда қалыптасқан.  Сондықтан бізді мемлекет қолдап отырғанына сенімді болдық!», – деді Диляра Смағұлова.

Емханалардің иелері олар емханалардың тұжырымдарын қайта қарап, ақылы медициналық қызметтерді көрсете алатындарын атап өтті, алайда олар Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асыруға қатысып, халыққа тегін қызмет көрсетуді қалайтындарын айтты.

 Олардың пікірінше, бүгінде қаланың денсаулық сақтау басқармасы осы мәселеде мемлекеттік емханалар монополиясын қорғап отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әлия Рүстемова «Biolab Pharm»   ЖШС және «UveikQazaqstan» ЖШС-мен Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асыру бойынша жұмыс басталғанын растады.

 «Біз бұл объектілерді сәйкестікке тексердік. 2020 жылға жұмысты жоспарлау бойынша бірнеше рет кездесу ұйымдастырдық. Алайда басқарма тұрғындарды тіркеу бойынша жұмысты жүргізбейді, оны халық өзі іске асырады. Мемлекеттік тапсырысты алуға келсек, амбулаториялық-емханалық көмек көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алуға қатысты, заңнамалық актілерге сәйкес, әлеуетті өтінім беруші кемінде 1500 адамды тіркей отырып, тұрғындарды тіркеу  науқанына қатысуы қажет, өйткені бір дәрігерлік учаскесі нормаға сәйкес 1500 адамға қызмет көрсетуі тиіс. Егер емхана одан аз адамды тіркесе, олар бір ғана дәрігерлік учаскені аша алмайды. Осы ретте МЖЭ немесе бюджеттік қаражатқа салынған емханаларға рұқсат ебріледі, ал аталған емханаларда сәйкес келісімшарт жоқ», – деді Әлия Рүстемова.

Осы ретте Қуанышбек Мұқаш 2026 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік ұзақ мерзімді жоспарында нақты ЖШС-лер қарастырылмағанын айтты, жоспарда белгілі кезеңде 5 емхана ашу жоспарланған, олар МЖӘ механизмі немесе жеке қаражат арқылы салынады ма жазылмаған.

 Кеңес мүшесі Азамат Қаппас бұл бизнесте жас кәсіпкерлер барын айтты, жастар елде ШОБ ашуда теріс тәжірибе алып, кейін жақсы өмір сүру үшін Отаннан кетуді ойлай бастайтынына назар аударды.

 «Қазіргі таңда Мемлекет басшысы жастардың эмиграциясы мәселесіне алаңдаушылық танытуда. Мен Президент жанындағы кеңес мүшесінің кеңесшісімін, әрі осы кейсті шешіп алғым келеді, өйткені орын алған ситуация себебінен жастар елден кетіп жатыр», – деді ол.

 Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов аталған емханалар қала шетінде ашылатынын, онда 250 мыңнан астам халық тұратынын айтты.

 «Ол жақтарда одан көп емхана ашу керек шығар. Тұрғындар өздері тіркелуді қалайды, өйткені бұл әлеуметтік сектор, аудандар дұрыс дамымаған. Осы әлеуметті мәселені шешу керек. Бұған қоса, біз мемлекеттік функцияларды жеке секторға беру туралы айтып келеміз, ол үшін түрлі механизмдер керек», – деді Алмат Жүнісов.

Іс-шараны қорытындылай келе Ирак Елекеев кеңес атынан орын алған ситуацияны қарау өтінімімен әкімдікке және елорда прокурорына, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бағытталатынын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер