«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Қазақстанның жетекші сауда желілерінің сөрелеріне шықты

2025 жылғы 11 Желтоқсан
420 просмотров

БАБӨ жобасының финалистері Қазақстан нарығын сенімді түрде жаулап, әртүрлі өңірлердің қазақстандық шеберлері мен өндірушілерінің өнімдерін ірі сауда желілерінде және арнайы нарықтарда ұсына отырып, жергілікті брендтерді нығайтып, ауылдар мен елді мекендерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже беретініне тоқталып, «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасын өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мен жергілікті ресурстардың әлеуетін ашудың табысты үлгісі ретінде атап өтті.

 

«Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады.. Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының нәтижелері көпшілік қауымға айқын көрінуде. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің операциялық сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатқан аталмыш жобаның қатысушылары мен финалистерінің өнімдері сенімді түрде нарықтан өз орнын тауып, еліміз бойынша сатып алушыларға қолжетімді бола бастады.

Қазақстанның әр өңірінен шыққан қолөнершілер мен өндірушілер ұсынған тауарлар қазірдің өзінде еліміздің жетекші сауда желілерінде сатылымға қойылды. Мәселен, Marwin желісінде Атырау облысы финалисінің қолынан шыққан бірегей туынды – қазақтың ұлттық домбыралары, сондай-ақ Қызылорда облысының өндірушісі әзірлеген түйе сүтінен жасалған косметикалық өнімдер пайда болды. Алматы қаласының финалисі дайындаған кәдесыйлар да осы сауда желісінің сөрелеріне қойылды. Солтүстік Қазақстан облысының өндірушілері Galmart желісі арқылы табиғи ешкі сүтінен жасалған ірімшіктерді ұсынса, Астанадан шыққан өнім – табиғи өнімдерден жасалған қақтар – «ВкусМаркет» желісінде сатылымға шықты. Алматыдағы «Көк базарда» бүгінде еліміздің 13 өңірінен шыққан БАБӨ финалистері өндірген кең ауқымды өнімдер ұсынылған.

Жобада өнім сапасына, оның шығу тегіне және тек жергілікті шикізатты қолдануға ерекше назар аударылады. Бұл өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге және қазақстандық шеберлер мен өндірушілердің жоғары деңгейдегі кәсібилігін танытуға мүмкіндік береді. БАБӨ жобасы өңірлік кәсіпкерлер мен бастамашыл тұрғындарға кеңес беруден бастап көрмелер ұйымдастыруға, тауар белгілері мен логотиптерді әзірлеуге көмектесуге, оқу және маркетингтік қолдауға дейін кең ауқымды қызмет көрсетеді.

2023 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде көрмелерге 2145 өндіруші қатысып, Бренд-комитеттердің отырыстары 20 өңірде өткізілді, ал финалистер қатарына 198 өндіруші еніп, 1000-нан астам өнім түрін ұсынды. Жобаны жүзеге асыру шамамен 594 тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізді, ал 171 жоба несиелер мен гранттар түрінде 937 млн теңге қаржылай қолдау алды.

Өндірушілер санының артуы, өнім ассортиментінің кеңеюі, өңірлік тауарлардың ірі сауда желілеріне шығуы және тұтынушылардың оң бағасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тиімділігін дәлелдей түсуде. Жоба жергілікті брендтердің дамуын нығайтып, шағын елді мекендердің өркендеуіне жол ашады, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруды жалғастыруда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174