Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық диалог салалық семинарда талқыланды
2025 жылғы 10 желтоқсанда Астанада Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған ақпараттық-іскерлік семинар өтті. Бағдарлама аясында инвестициялық жобалар, логистика, транзит, агроөнеркәсіптік кешен және өнеркәсіптік кооперация мәселелері қарастырылды.
Семинар бағдарламасы барысында ұлттық даму институттары мен салалық қауымдастықтардың өкілдері сөз сөйледі. ҚР ҰКП «Атамекен» атынан Басқарма мүшесі - Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол Қазақстан экономикасындағы тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) рөлін таныстырып, Палатаның бұл саланы қолдау және оны дамыту бойынша жаңа тәсілдерді қалыптастыру бағытындағы жұмысын атап өтті.
Гүлнар Бижанова тау-кен металлургия кешені тек экономиканың бір бөлігі емес, елдің индустриялық бейнесін айқындайтын негізгі сала екенін атап өтті: өндіріс көлемі 14,3 трлн теңгені құрайды, жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 8% шамасында, ал ТМК кәсіпорындарында 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сала айналасында тұтас моноқалалар мен елді мекендер қалыптасқан және олардың дамуы ТМК жағдайына тікелей байланысты. ТМК өнімдерінің экспорты 22,2 млрд долларға жетіп, Қазақстанды мыс, уран, ферроқорытпа және темір рудасы бойынша жаһандық нарықтарда көрсетіп отыр.
Кеңінен талқыланған мәселелердің бірі - геологиялық барлау болды. Баяндамасында Қазақстанның минералдық-шикізат базасы сарқылып келе жатқанын, бар-жоғы 16% аумаққа ғана лицензия берілгенін, ал геологиялық барлау инвестициялары жетекші елдермен салыстырғанда артта қалып отырғанын атап өтілді. Палатаның бастамасымен геологиялық барлау міндеттері Ұлттық даму жоспарына енгізілді, жаңа Салық кодексінде салықтық ынталандырулар қарастырылған, аэрогеофизика енгізілуде және жер қойнауын пайдалану бойынша аукциондық тетіктер жетілдірілуде.
Сондай-ақ, Гүлнар Бижанова техногендік минералдық түзілімдердің (ТМТ) әлеуетін таныстырды. Қазақстанда көлемі 55 млрд тоннадан асатын 1 700-ден астам ТМТ нысаны бар, алайда олардың небәрі шамамен 11% ғана өңделеді, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70–80% деңгейіне жетеді. ТМТ өңдеу, оның айтуынша, экономикаға металдарды қайта енгізуге, жаңа өнеркәсіптік кластерлер қалыптастыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға қосымша мүмкіндік береді.
Осы күні сонымен бірге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының коммерциялық қызмет департаментінің директоры Алишер Дәркембаев Иран Ислам Республикасының экономика вице-министрі Махди Хейдари, Тегеран Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Махмуд Наджафи Арабпен кездесті. Кездесу барысында екі елдің бизнес құрылымдарының өзара ынтымақтастығын дамыту мәселелері және 2025 жылғы 11 желтоқсанда өтетін Қазақстан-Иран бизнес-форумына дайындық талқыланды.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: