«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның жаңа реттеу мәдениеті: цифрлық дәуірге қадам

2025 жылғы 11 Қараша
616 просмотров

Алматыда, NARXOZ университеті алаңында «Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне 10 жыл: реттеу саясатын жетілдіру жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға Парламент пен Конституциялық Соттың өкілдері, салалық министрліктер мен ғылыми қауымдастық мүшелері, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның бизнес-сарапшылары қатысты.

Конференцияның модераторы — NARXOZ университетінің Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Берік Мәжитұлы Имашев болды. Ол кіріспе сөзінде бұл конференцияның жай ғана ғылыми пікірталас емес, ғылым, билік және бизнес өкілдерінің күш-жігері тоғысатын, тәжірибе алмасу мен ортақ шешімдер қабылдау алаңы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, дәл осындай ашық форматтарда жаңа реттеу мәдениеті – кәсіби диалог, ашықтық және серіктестік мәдениеті қалыптасады.

Берік Имашев мұндай іс-шаралар заңнаманы дамытумен қатар, реттеуді болжауға болатындай әрі тиімді жасайтын практикалық негіздің қалыптасуына да ықпал ететінін атап өтті.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов жиын қатысушыларына құттықтау сөзін арнап, бүгін маңыздысы – нормаларды түзету ғана емес, реттеу философиясын қайта ой елегінен өткізу екенін атап өтті.

«Бүгінгі басқосу жай ғана заңнаманы реформалау туралы емес, алдағы жылдары мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимыл мәдениеті қандай болатыны жайлы болып отыр», — деді ол.

Өз сөзінде Райымбек Баталов соңғы он жыл ішінде Кәсіпкерлік кодекс билік пен бизнес серіктестігінің іргетасына айналғанын атап өтті. Алайда қазіргі экономикалық қарқын заманауи реттеу мәдениетіне өтуді талап етеді. Бұл – деректерге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке негізделген жаңа деңгей.

Төралқа Төрағасы мемлекеттік саясат дәл осы бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылдың 8 мамырындағы Президенттің экономиканы либерализациялау туралы Жарлығы бизнес пен мемлекеттің цифрлық өзара іс-қимылына басымдық береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын.

Райымбек Баталов реттеушілік реформаның негізгі қағидаты ретінде заң сапасын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Заңнаманы дамыту сапа қағидатына негізделуге тиіс. Заң оны орындайтындар үшін түсінікті, нақты іске асырылатын және шексіз түзетулер мен өзгертулерді қажет етпейтіндей уақыт сынынан өтетін болуы керек. Егер нормалар тез ескіретін болса, демек, олардың салдары жеткілікті талданбаған. Заңның сапасы – басты өлшем болуы керек. Бұл қағидатты «Құқықтық актілер туралы» Заңда бекіту маңызды, сонда нормативтік база тек рәсім бойынша емес, нәтижесі бойынша да бағаланатын болады. Сапа ерекшелік емес, стандартқа айналуға тиіс», – деді ол.

Төрағаның айтуынша, мұндай бастама әдеттен тыс әрі батыл көрінуі мүмкін, дегенмен дәл осы қадам жаңа реттеу саясатының мәнін көрсетеді. Онда құқық шығармашылығының сапасы нормаға, ал формалдылық – өткен кезеңге айналуға тиіс.

Райымбек Баталов сонымен бірге заңнаманы ревизиялау мәселесіне де тоқталды.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыс жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жүргізілуі керек. Бұл қолмен жасалатын тексерулердің орнына, нормативтік базаны үздіксіз цифрлық талдауға мүмкіндік береді. Осы орайда, реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) рәсімін де жаңарту қажет. Бүгінде ол көбіне қолмен бағалануда, сондықтан РӘТ-ті цифрлық форматқа көшіру маңызды. Мұнда жүйе автоматты түрде нормалардың бизнеске әсерін талдап, жақсарту ұсыныстарын шығарады», — деді Төралқа Төрағасы.

Ол, сондай-ақ соңғы жылдары «Атамекен» өңірлердегі кәсіпкерлер мен сарапшылармен бірлесіп, «төменнен жоғары» қағидаты бойынша заңнаманы толық талдаудан өткізгенін, бұл өз кезегінде мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа өзара іс-қимыл моделін қалыптастыруға берік сараптамалық негіз жасағанын айтты.

Сөзін қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП басшысы конференцияны ғылым, бизнес және билік арасындағы конструктивті диалог алаңы ретінде жыл сайын өткізіп тұруды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174