«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбелік кәсіпкерлер бизнесті франшизаға қалай айналдырып, халықаралық нарыққа шығу жолдарын үйренуде

2025 жылғы 26 Тамыз
- Ақтөбе облысы
974 просмотров

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында франчайзинг туры аясында кездесу өтті. Іс-шараны Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (ОАФҚ) «Атамекен» ҰКП мен Respublica партиясының қолдауымен ұйымдастырды. Өңір кәсіпкерлері сарапшылардан кеңес алып, франшизалық пакетті әзірлеу және сүйемелдеу мүмкіндіктерімен танысты, сондай-ақ бизнесті ауқымдау мен халықаралық нарыққа шығу бойынша тәжірибелік сұрақтарын қойды. Кездесу аралас форматта өтті.

Кәсіпкерлерді оқытқан франчайзинг саласының сарапшылары офлайн форматта— Lanzhou желісінің негізін қалаушы, Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының төрайымы Гүлбану Майгарина және қауымдастық төрағасының орынбасары, FranchDay компаниясының жетекшісі Сейсенғали Қалиақпаров, ал онлайн форматта - KazFranch (Қазақстан Франчайзинг қауымдастығы) бас директоры Әдемі Досжанова. Сонымен қатар семинарға Respublica партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Дана Бекбауова және Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко қатысты.

Франчайзинг — бизнесті кеңейтудің ең жылдам әрі қауіпсіз тәсілдерінің бірі. Кәсіпкер серіктестік желіні қалыптастырады: әрбір жаңа нысан франчайзи инвестициясы есебінен ашылады, алайда бірыңғай бренд аясында жұмыс істейді.
Гүлбану Майгаринаның айтуынша, қазақстандық көптеген компанияларда өсу әлеуеті бар, бірақ жиі жүйелілік пен сенімділік жетіспейді. Оның пікірінше, франчайзинг арқылы ауқымдау бизнестің тез дамуына, тәуекелдерді азайтуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. «Қазақстанда мықты бизнес көп, алайда оларда өз өңірінен тыс шығуға жүйелілік пен батылдық жетіспейді», — деп атап өтті сарапшы.


Сейсенғали Қалиақпаров франшизаның тұрақты дамуы мен сапаны сақтау үшін стандартталған бизнес-модельдің, қызметкерлерді оқытудың және заманауи IT-жүйелерді енгізудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанда франчайзингтің әлі де әлсіз дамығанын ескере отырып, Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы «Атамекен» ҰКП мен Respublica партиясының қолдауымен KazBrand байқауын бастады. Оның мақсаты — жергілікті жобаларды дайын франшизасы бар ауқымды брендке айналдыруға көмектесу.
Байқау 2025 жылғы 14 тамыз бен 3 қараша аралығында өтеді. Тіркелу 2025 жылғы 5 қыркүйекке дейін мына сілтеме арқылы жүргізіледі: https://kazbrand1.bitrix24.site/crm_form_s4sup/. Қатысу тегін.
Бағдарлама аясында франшизаны толық әзірлеу, ауқымдау стратегиясы, бір жылдық сүйемелдеу, заңгерлік және маркетингтік қолдау, тауар таңбасын тіркеу және франшизаны сатуға жәрдем көрсету қарастырылған.


Дана Бекбауованың айтуынша, Respublica партиясы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар мен тетіктерді жүйелі түрде қолдап келеді. Ол партия ынтымақтастыққа ашық екенін және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға, өңірлік бизнестің әлеуетін ашуға жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті. Бұл жұмыс Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Франчайзинг қауымдастығының бірлескен жобалары арқылы да іске асырылмақ.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко франчайзингті дамытудың жергілікті бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

«Бүгінде бизнеске франшиза арқылы халықаралық нарыққа шығу тақырыбы өңір кәсіпкерлері арасында аса сұранысқа ие. Көптеген компаниялар ішкі нарықта тұрақты өсімге жетіп, енді ауқымды кеңейтудің жаңа жолдарын іздеуде. Осы тұрғыда шақырылған сарапшылардың тәжірибесі ерекше құнды, себебі олар бизнес-модельді дұрыс дайындау, зияткерлік меншікті қорғау, серіктестік қатынастарды жолға қою және шетелдік нарықтарға шығу тетіктерін нақты көрсетіп берді. Мұндай оқыту кездесулері кәсіпкерлерге бизнесті ауқымдандыру кезінде тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Біздің басты мақсатымыз – ақтөбелік бизнестің жүйелі әрі сенімді дамуы, ал франчайзинг осы дамудың тиімді құралдарының бірі болуы тиіс», – деп атап өтті ол.

 


«Мен кәсібімді кеңейткім келеді. Өзімнің клинингтік компаниям бар, оны франшиза арқылы кейін Қазақстан бойынша сатуды жоспарлап отырмын. Жыл сайын стандарттар мен ережелер өзгеріп отырады, сондықтан франшизасын сәтті сатып жүрген мамандардың пікірін есту мен үшін маңызды. Сондай-ақ, қандай құралдардың маңызды екенін және франшиза арқылы қалай тиімді өсуге болатынымды білгім келеді», — деп бөлісті кездесу қатысушысы Дина Кенжебаева.


Ақтөбеден кейін франчайзинг туры Атырауда жалғасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174