Үйдің орнына сквер: құрылыс компаниясы ДБЖ-дағы өзгеріске қарсылық білдіруде
Астанада кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиында құрылыс саласындағы бірқатар бизнес-өтініштер қаралды. Солардың бірі қатысушылардың айрықша назарын аудартты.
Кәсіпкерлер палатасына «Almaty Development Company» ЖШС жүгінді. Компанияның хабарлауынша, көпфункционалды тұрғын үй кешенін салуға арналған меншігіндегі жер телімі егжей-тегжейлі бас жоспарға сәйкес жасыл аймақ санатына ауыстырылған. Бұл ретте жер иесі енгізілген өзгерістер жөнінде хабарландырылмаған. Ал барлық қажетті рәсімдер орындалған болатын: жұмыс жобасы әзірленген, техникалық шарттар алынған, сараптама қорытындысы мен құрылысқа бастау талоны берілген.
«Түсінемін, бәлкім аудан тұрғындарына саябақ қажет шығар. Бірақ неге бұл мәселе біздің жеке меншік есебінен шешілуі тиіс? Біз қазірдің өзінде шығынға батып отырмыз және жобаны жүзеге асыра алмай отырмыз. Бұл расымен де үлкен проблема», – деп атап өтті компания директоры Елена Дорош.
Компания өкілдері сондай-ақ осы жер телімінің жанында, керісінше, бірқатар аумақ жасыл аймақ санатынан шығарылып, көпқабатты құрылысқа берілгенін жеткізді. Олардың есебінше, келтірілген шығын көлемі 500 миллион теңгеден асып кеткен.
Талқылау барысында Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі Қанат Елеусізов Архитектура басқармасы өкілдерінің назарын детальды бас жоспарға өзгерістер енгізудің нақты құқықтық негізі болуы қажеттігіне аударды. Оның айтуынша, тек қана «қоғамдық пікірге» сілтеме жасау мұндай түзетулер үшін жеткілікті себеп болып табылмайды.
Астана қаласы Архитектура, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Ильясов мұндай бастамалардың аудандық әкімдіктерден келетінін түсіндірді.
«Тұрғындар жер телімінің мақсатын өзгерту жөнінде, мысалы, сквер қарастыру туралы ұсыныс білдіреді. Бұл ұсыныстар кездесулерде қаралып, кейін біздің басқармаға жолданады және ДБЖ-ны түзетуге негіз болады», – деп нақтылады ол.
Астана қаласы Архитектура, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының Қала құрылысты жоспарлау бөлімінің басшысы Нурадиль Ғалымжан қазіргі уақытта кәсіпкердің мүддесін ескеретін шешім нұсқалары қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Қазір кәсіпкерге басқа жер телімін беру мәселесі қарастырылуда. Егер мемлекеттік қажеттіліктер үшін жерді алып қою туралы қаулы қабылданып, кәсіпкер ұсынылған учаскелерге келіспесе, заңға сәйкес ақшалай өтемақы қарастырылады. Ал егер бұл шешіммен де келіспесе, мәселе сот тәртібімен шешіледі», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Астана қаласы прокуратурасына компанияның ұстанымын зерделеп, расталған жағдайда прокурорлық қадағалау шараларын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ Архитектура басқармасына жағдайды реттеудің құқықтық тетіктерін, соның ішінде бизнеске тең құнды жер телімдерін беру мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс енгізілді.
Жиын ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар мұндай жағдайлар жекелеген даулардың шеңберінен шығып, әлдеқайда кең мәселені көтеретінін атап өтті. Нақтылап айтсақ, тұрғындардың мүдделері мен кәсіпкерлердің құқықтарын ұштастыра отырып, елордада қала құрылысы саясатының ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету мәселесі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: