«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Темір тордағы бизнес: шаршы метрі 183 теңге

2023 жылғы 07 Тамыз
- Астана қаласы
7729 просмотров

Елордалық кәсіпкерлер осы бағада колониялардың аумағынан бизнес жүргізуге орынжай жалдай алады

Ұсынысты Астана қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері елордалық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде хабарлады.

«Кәсіпкерлер палатасы мен ҚАЖД бірлескен жұмысының негізгі мақсаты  – сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жаңа жұмыс орындарын құру. Кәсіпкерлер үшін бұл ең төменгі бағамен ірі өндірістік алаңдарды жалға алудың жақсы мүмкіндігі. Бұған дейін өзара іс-қимылымыз кезінде бірқатар компания бірлескен өндірістік қызмет туралы келісімшарттар жасасқан болатын, ал кейбіреулері әлі де осы  мекеме аумағында жұмыс істеп жатыр», – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Атап айтқанда, ауданы 12 гектардан асатын өнеркәсіптік аймақты игеру туралы сөз болып отыр. Қазір мұнда шағын және орта бизнестің тоғыз субъекті жұмыс істейді. Қалған үй-жайлар бос. Ал оларды елордалық кәсіпкерлерге жалға беру ұсынылды.

«Бұл Аршалы жақ, ауданы 2511  шаршы метрді құрайтын МАРХИ цехы, нысанның жабыны металл, қабырғасы бетон. Терезелер, қақпалар бар. Барлық коммуналдық, инженерлік желілерге қосылған. Біз жалға беруге дайын екінші бөлме – жалпы ауданы 140 шаршы метр болатын ағаш шеберханасы. Ол әртүрлі пішіндер мен өлшемдегі ағаш бұйымдарын жасауға арналған, жөңдеуі орташа, жылумен қамтылған бөлме, жақсы жарықтандырылған, ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілген», – деді Астана қаласы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары  Рысбек Тұрғымбаев.

Серіктестіктің  негізгі шарты – сотталғандарды жұмысқа орналастыру. Олардың көпшілігінде белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар, қалғандары оқуға дайын. Мекеме аумағында мамандықтар бойынша оқуға арналған ғимарат бар. Оқуды екі колледж: Аршалы ауданы Агротехникалық колледжінің филиалы және Астана қаласы әкімдігінің құрылыс-техникалық колледжі жүргізеді.

Қазіргі уақытта мекеме аумағында елордалық кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық жабдықтар, арнайы киімдер, ағаштан жасалған ұлттық ыдыс-аяқтар, құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қағаз қаптар, кәдесый жиынтықтары, барбекю, беседкалар өндірісін жолға қойды. Ал  биылдан бастап мұнда елордалық аяқ киім фабрикасының цехы орналастырылды.

Барлық сұрақтар бойынша қызығушылық танытқандарды Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына Б.Момышұлы даңғылы, 2/1 мекенжайы бойынша немесе 476-286 телефоны бойынша хабарласуларын сұраймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер