«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елордадағы сауда мәселесі Үкіметте айтылды

2022 жылғы 29 Желтоқсан
- Астана қаласы
7127 просмотров

Елорданың сауда саласындағы түйткілді мәселелері ҚР сауда және интеграция министрінің м.а. Арман Шаққалиевтің Астана қаласының жұртшылығы және бизнес-қоғамдастығымен кездесуінде айтылды.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев бүгінде елордада 12 ірі сауда желісі, 20 ірі базар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбегінің 50 қатысушысы, оның ішінде 37 өндіруші, 9 дистрибьютор, 4 көкөніс қоймасы, төрт мыңға жуық «үй жанындағы» дүкен жұмыс істейтінін айтты. Палата жүйелі түйткілді мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды шоғырландыру және пысықтау мақсатында сауда саласының өкілдерімен тұрақты негізде кездесу өткізеді.

«Сауда саласында түйткіл көп. Атап айтқанда, импорттық тауарларды кедендік сертификаттау және тауарларға үстеме бағаны шектеу. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі ерекше назар аударып, жедел шешуді талап етеді. Елордалық кәсіпкерлер палатасының алаңында және қаланың бизнес-қоғамдастығының әкім, оның орынбасарларымен өткен кездесулерінде айтылған бірқатар мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП түйткілді мәселелер тізіліміне енгізілді. Оларды шешу үшін орталық уәкілетті органдар және жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілді», – деді Бейсен Жолболдиев.

 Мысалы, ұлттық экономика, қаржы министрліктері, Парламент депутаттарымен ҚҚС шегін төмендету мәселесі бірнеше рет талқыланды. Мемлекеттік органдардың жауабына сәйкес ҚҚС бойынша шекті арттыру мәселесі жаңа Салық кодексінің жобасында қаралатын болады.

Елордалық палата директорының айтуынша, өкінішке қарай, бөлшек салық мөлшерлемесін 3%-дан 1%-ға дейін төмендету мәселесі шешілген жоқ. Осылайша, 2023 жылдан бастап тамақтандыру саласынан басқа барлық кәсіпорындар ҚҚС жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшеді немесе ҚҚС шегі шеңберінде оңайлатылған режим бойынша жұмыс істейтін болады.

 «Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы және «Атамекен» ҚР ҰКП жүргізген жұмыс нәтижесінде, оның ішінде кәсіпкерлердің көптеген өтінішінен кейін таңбалау мәселесі бойынша 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстанға әкелінген аяқ киімді таңбалау мерзімін 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Ұлттық палата бұл мәселені шешу бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн», – деді спикер.

 Алкоголь өнімдеріне лицензиялық алым мөлшерлемесіне келетін болсақ, қазір алым Астана, республикалық маңызы бар қалаларда ол 100 АЕК, аудандық маңызы бар қалаларда – 70 АЕК және ауылдық елді мекендерде – 30 АЕК құрайды.

Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттарын ескере отырып, алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізу жөніндегі лицензияны пайдаланғаны үшін пропорционалды мөлшерде ақы белгілеу мәселесі «таза парақтан» реттеу жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде қаралды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл бастаманы қолдады. Лицензиялық алым мөлшеріне өзгерістер енгізіліп, ҚР барлық өңіріне қатысты қайта қаралатын болады, ал кейіннен алкогольге лицензия мөлшері бизнестің көлеміне байланысты болады: шағын, орта және ірі.

«Столичный хлеб» ЖШС жетекшісі Абдрахым Төлендиев әлеуметтік нан өндірушілер үшін электр энергиясына жеңілдікті тарифті төмендету мәселесін айтты. Оның айтуынша, тариф 2021 жылы 19,38-ден 23,52 кВТ-қа дейін өсті, бұған дейін 2015 жылдан 2020 жылға дейін тарифтің өсуі 15,50-ден 17,76-ға дейін болған. Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы осы мәселе бойынша Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына, «Астана – АЭК» АҚ-қа хат жолдады, сондай-ақ қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментіне жүйелі проблеманы енгізу туралы үсыныс дайындады.

«Жеті аспан» компаниясының өкілдері сағат 21:00-ден кейін алкогольді сатуға тыйым салу ірі сауда желілерінің тауар айналымын 20-30%-ға, оны берудің ұзақ рәсіміне байланысты импорттық өндіріс тауарларын сертификаттаудың теріс әсері туралы төмендетуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ ретро-бонустың шекті лимиттерін бекіту, бонустар және жалпы дистрибьютерлерді бонустау жүйесіне мемлекеттік органдар тарапынан бақылау жөніндегі мәселені реттеу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, сауда саласы Астана қаласының ЖӨӨ-де 21,8% немесе ақшалай түрде 787,5 млрд теңгені құрайды.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер