«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жеңілдіктер өндірушілердің басым бөлігіне қолжетімсіз

2021 жылғы 04 Қараша
- Астана қаласы
5167 просмотров

Отандық автоөндірушілер ішкі нарықтағы адал бәсекелестікке  кедергі келтіретін жағдайларға наразылық білдірді.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бейсен Жолболдиевтің төрағалығымен өткен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауар нарықтарына кірудегі кедергілерді анықтау және жою жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысында сала өкілдері мемлекеттік қолдау шараларын алудағы кедергілер туралы айтып берді.

Атап айтқанда проблема инвестициялық жеңілдіктерді алуға қатысты. Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тауар нарықтарына кірудегі кедергілерді анықтау және жою жөніндегі өңірлік кеңестің мүшесі Дабылбек Жанбабаев осы жеңілдіктерді алу үшін автоөндіруші ҚР ИИДМ-мен Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасауы тиіс екенін айтты. Осы құжаттың болғаны кәсіпкерді кедендік баждар, қосылған құн салығын төлеуден босатады, сондай-ақ ол төленіп қойған утилизациялық алымның өтемақысын алады.

«Осы келісім болмаса, компанияның автомобиль саласындағы қызметі экономикалық тұрғыда тиімсіз болады, өйткені аталған жеңілдіктерсіз компания ұсынған өнім бәсекеге қабілетсіз. Алайда, кейбір отандық автоөндірушілер келісім жасай алмайды, өйткені Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүк және арнайы техника шығаратын кәсіпорындардың өндірістік қуаты жылына кемінде 10 000 бірлік болуы тиіс», – деді Дабылбек Жанбабаев.

 Спикердің ақпараты бойынша соңғы екі жылда Қазақстанда орта есеппен жылына 7 000 жүк және арнайы техника мемлекеттік тіркеуден өтеді, оның ішінде 25-30%-ы жаңа көліктердің бастапқы тіркеуі. 2021 жылдың 5 айында елімізде 3044 бірліктен аспайтын жүк автомобилі және 114 бірліктен аспайтын арнайы техника өндірілді. Осылайша, Қазақстан нарығының сыйымдылығын және осындай техниканы автоөндірушілердің санын (шамамен 7) ескере отырып, мұндай параметр тым жоғары.

«Осы параметр орнатылған ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 244-1-бабын қабылдау кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, оның енгізілуімен инвестициялық жеңілдітерді алуға айрықша құқық саланың жекелеген қатысушыларына (бұрын Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімі болған автоөндірушілерге) беріледі, осылайша оларға бәсекелестік артықшылық қамтамасыз етілген», – деп атап өтті ол.

Ішкі нарықта тең жағдайды қамтамасыз ету үшін автоөндірушілер бұл талапты жылына 10 000-нан 3 000 бірлікке дейін азайтуды ұсынады.

Өңірлік кеңес төрағасы Бейсен Жолболдиев айтылған проблема оны жою үшін кедергілер картасына енгізілетінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер