«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарапайым заттар экономикасы: елордада 55 млрд теңге көлемінде жобалар іске асырылып жатыр

2021 жылғы 07 Қыркүйек
- Астана қаласы
5595 просмотров

Бір жарым жыл ішінде елордалық кәсіпкерлер «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен өз бизнес-идеяларын дамытуға 55 млрд-тан астам теңгені игерген.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жобаның қолданылу мерзімін келесі жылға дейін жалғастыруды тапсырды.

Елордада қала әкімі Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов және әкімдіктің мүдделі бөлімшелерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.

Елордада қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрованың жетекшілігімен «Қарапайым заттар экономикасы» өңірлік жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Кеңсе жұмысына қала әкімі тұрақты қатысады.

  «Бағдарламаның Нұр-Сұлтан қаласында іске асуының бір жарым жылы ішінде жалпы сомасы 55 млрд теңгеге жобалар қаржыландыру алды. Тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобалар іске асып жатыр. Барлығы 2,5 мың жұмыс орны құрылған. Бағдарлама көмегімен халық тұтынатын тауарлар: (киім, костюм, жейде, аяқ киім, арнайы киім), құрылыс материалдары, медициналық заттар өндірісі іске қосылған. Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында азық-түлік өнімдері (макарон өнімдері, нан-тоқаш, ет және шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кәмпиттер) өндірісі елорданың азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсер етіп жатыр. Білім беру саласында да жобалар бар, мектепке дейінгі білім беру мекемелері және оқу орталықтары, бірнеше мектеп құрылысына қаражат бөлінді. Осылайша, Елордада білім беру процесінде озық әдістемелерді қолдана отырып, Binom School атты алты  мектептің бірі ашылды», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

 «Қарапайым заттар экономикасы» астаналық жобалық кеңсесінің жұмысы аясында жергілікті қамту комиссиясы жыл басынан 27 отырыс өткізді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары және жұмыспен қамту жол картасы бойынша тендерден кейінгі бақылауды жүзеге асыру шеңберінде сатып алуларда өз өнімдерін әлеуетті өткізу және өндірістік қуатты қосымша арттыру үшін әртүрлі саладағы өндірушілердің қатысуымен объектілерді аралау жүзеге асырылуда. Мониторинг барысында 50 нысан қаралды, комиссия қызметінің отандық тауар өндірушілердің өнім өткізуіне әсері 13 млрд теңгеден асты. Жобалық кеңсе аясында ай сайын 8 сала: машина жасау, құрылыс материалдары, жеңіл, қағаз-целлюлоза, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсібі, фармацевтикалық сала бойынша жергілікті қамту үлесіне мониторинг жүргізіледі.

 Еске салайық, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ішкі нарықты халық тұтынатын отандық тауарлармен толықтыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға бағытталған, сондай-ақ экономикадағы бизнес үлесінің ұлғаюына оң ықпал етеді. 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша елордалық бизнестің қала бойынша ЖӨӨ-ге үлесі бұрынғысынша ең жоғары деңгейде –  57,2%.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер