«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

31 елордалық компания «Алтын сапа» байқауына өтінім берді

2021 жылғы 08 Шілде
- Астана қаласы
6008 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентінің сапа саласында «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауына қатысуға  31 компания өтінім берген.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов 31 компанияның ішінде ең көп өтінім қызмет көрсету саласындағы компаниялардан келіп түскенін (12 кәсіпорын), олар «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымына қатысып отырғанын хабарлады.

 «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» және «Халыққа арналған тауар өндіретін үздік кәсіпорын» аталымдарында 9 өтінімнен қабылданды, «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша – 1 өтінім келіп түсті. Тұтастай алғанда, елордада байқауға қызығушылық жоғары», – деп атап өтті Алмат Жүнісов.

Әлеуетті қатысушылар қатарында фармацевтикалық және медициналық компаниялар, ет, тоқыма өнімдерін өндіретін компаниялар, сондай-ақ, бекіту-пломбалау құрылғылары, бақылау-индикаторлық пломбалар, төрт түліктің жүріп-тұруын бақылауға арналған  радиожиілікті және көзбен шолу құлақ сырғалары, телекоммуникациялық жабдықтар, су, электр энергиясы, газды есепке алудың «ақылды» аспаптары, люкті ашу датчиктері, макарон өнімдерін өндірушілер бар.

 Келіп түскен өтінімдерді өңірлік сарапшы топ 1-15 тамыз аралығында қарайды. Топтың құрамына сапа менеджменті жүйесін сертификаттау жөніндегі сарапшы-аудиторлар мен тиісті білім саласындағы мамандар, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органның өкілдері кіреді.

 «Алтын сапа» сыйлығы байқау негізінде талапкер кәсіпорынның өнімі немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері, сондай-ақ менеджмент жүйелерін енгізгені үшін жыл сайын берiледi.

Сапа саласындағы жетістіктері үшін берілетін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығымен марапаттау әр жылдың соңында өтетін, елімізде маңыздылығы жоғары шара болып табылады. Байқау сыйлығымен Қазақстан Республикасының Президенті жеке марапаттауы байқаудың маңыздылығын айқындайды.

Сыйлық лауреаттарына тиісті диплом, байқау эмблемасы және 450 айлық есептік көрсеткіш ақшалай сыйақы беріледі. Лауреаттар төрт жыл бойы «Алтын сапа» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

 Байқау ұйымдастырушысы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  

 Биыл карантиндік және шектеу шараларына байланысты «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өтпейтінін еске саламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер