«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ресми такси қызметінің халі мүшкіл

2016 жылғы 07 Қыркүйек
- Астана қаласы
10640 просмотров

Елорданың таксомотор нарығы мемлекет тарапынан реттелуі керек

Астанада Ирак Елекеевтің төрағалығымен Астана кәсіпкерлерінің құқығын қорғау кеңесінің 17-ші отырысы өтті.  Басқосу барысында, елорданың ресми  таксомотор нарығына қысым көрсетіп, тіркелусіз қызмет көрсетіп келе жатқан заңсыз диспетчерлік қызметтерді анықтауға қол ұшын беру туралы Астана қаласы Көлік қызметкерлері қауымдастығының өтініші қаралды.  

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Дәурен Сатқанбаев, өз кезегінде, бүгінгі күні ресми такси қызметінің жағдайы мүшкіл екенін, тіпті, олардың көпшілігі өз қызметін тоқтатуға мәжбүр екенін айтты. Елорданың ресми такси қызметінің өсіп-өркендеуіне бірнеше мәселелер кедергі болып отыр. Олардың арасында, таксиге қажет тұрақ сандарының аздығына байланысты, инфрақұрылымның жоқтығы,  көлік саласындағы нормативті-құқықтық базаның жетілдірілмеуі, ақпараттық-диспетчерлік қызмет міндетін атқарушы заңсыз диспетчерлік қызметтер мен интернет-қызметтердің болуы және тағы басқа кілтипандар бар.

«Ресми тасымалдаушы мәртебесінің ешқандай артықшылығы жоқ, ол тек бақылаушы органдар назарын аударуға қажет секілді. 2013 жылдан бастап 2016 жылға дейін 17 такси компаниясы өз қызметін тоқтатқан. Жеке инвестициялар көлемі 2 млрд теңгені құраған. Көптеген компаниялар мемлекеттен субсидия алған. Атқарылған іс-шаралардың бәрі бекерге кеткен. Бұл дегеніміз, таксомотор нарығы өзгерістер мен араласуды талап етеді  деген сөз», – деп атап өтті Астана қаласы Көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.

Көлік қызметкерлерінің пікірінше, аталған саланы мемлекет реттеуі тиіс. Мәселен, астананың көлік органдарында тіркеу және тапсырыстарды тек ресми тасымалдаушыларға ғана тапсыру мәселесіндегі агрегаторлар мен платформалар, мобильді қосымшалар мен интернет-қызметі жұмысын регламенттеуді қолға алуы тиіс.

«Ресми такси қызметіне қатысты ережелер бар. Заңсыз адамды тасымалдау дерегін анықтап, оны жауапкершілікке тарту өте қиын, сондықтан тәжірибе жүзінде мұндай іс-шаралар тиімсіз екені дәлелденді»,– дейді астаналық Көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы.

Сондай-ақ, М.Құрмановтың пікірінше, жолаушылар жиналатын ірі бекеттерде қалалық такси тұрақтары жүйесін енгізу қажет, сонымен бірге, көрші Ресейде   2002 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан тіркеу нөміріне сары немесе басқа түс беру тәжірибесін енгізген жөн. Себебі, мұндай шара такси көліктері санының есебін жүргізуге мүмкіндік беріп, қалалық такси тұрақтарына және ақылы тұрақтарға кіруге рұқсат етеді, сондай-ақ, көліктерді бақылау органдарының бақылау және тергеу жұмыстарын жеңілдетер еді.

«Үшінші ұсыныс – Bus line – ресми такси қызметіне белгіленген жолақтарды қолдану құқығын беру әділетті деп санаймыз. Себебі, жолға кеткен уақытты үнемдеу арқылы такси қызметіне деген қызығушылықты арттыруға болады. Егер, аталған мәселелер өз шешімін таппаса, онда таксомотор нарығының көпшілігі көлеңкелі бизнеске кетеді, ал ол жолаушылардың қауіпсіздігі мен  қызмет көрсету сапасының төмендеуіне алып келуі ықтимал. Яғни, ресми такси қызметі өз жолаушыларынан айырылып қалуы мүмкін. Ал, бұл көше желісіне тағы да қосымша салмақ түсіреді», – деді ол. 

«Астана LRT» ЖШС департаментінің жетекшісі Бейбіт Есжанов жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, ресми такси қызметінде тасымалдау көліктерінің аз екенін атап өтті. Дәл осы себепті, олар заңсыз жолаушы тасымалдаушылармен бәсекеге түсе алмайды.

Кеңес төрағасы Ирак Елекеев, өз кезегінде, елдер адам тасып ақша табуға еріккеннен барып отырмағанын айтты. Сондықтан, ол заңды компанияларға жеке меншік тасымалдаушыларды ресми серіктес ретінде тарту мәселесіне назар аударуды ұсынды. Өйткені, жағдайға осы тұрғыдан келу, біріншіден, таксомоторлық парктер санын арттыруға, екіншіден, көлеңкеден шығып, заңды түрде ақша табуға жол ашады.  

Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша Қауымдастық көтерген барлық мәселелерді әкімдік пен басқа да тиісті мемлекеттік органдарға  жолдау туралы шешім қабылданды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер