«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

1,5 күнде 29 млн-нан астам теңге Арысқа көмек ретінде жиналды

2019 жылғы 26 Маусым
8432 просмотров

Қаражат, азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек. Бизнес өкілдері Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек беруді жалғастырып жатыр

Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша «Атамекеннің» үндеуіне Ақтөбе облысы Кәсіпкерлік палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері қолдау білдірді. «Дастан» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы, Өңірлік кеңестің мүшесі Асхат Айтжанов «Менің Атамекенім» қоғамдық қорының шотына 3 млн теңге аударды. «Анвар» ЖШС бас директоры Талғат Салфиков  1 млн қаржылай көмек жіберді. Тағы 2 млн теңгені «Парижская коммуна XXI» ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян жіберді.

Өз кезегінде Ақтөбе облысының «Глобал-Спецодежда» ЖШС Арыс тұрғындарына 2 млн теңгеге гуманитарлық көмек жіберді. Атап айтқанда, кәсіпорын өндірген көрпе-жастық, төсек-орын тыстары, футболкаларды жөнелтілді. Кәсіпорынның әр қызметкері де жеке үлесін қосып, жалпы сомасы 260 мың теңге жинап, арнайы шотқа аударды.

«Қиын жағдай Арысқа ғана емес, бәрімізге ортақ. Шағын компаниямыздың қызметкерлері Арыс тұрғындарын қолдап, отбасылылардың жағдайына қарай көмек көрсетуге шешім қабылдады. Әркім мүмкіндігінше қаражат жинады. Бөтен қайғы болмайды, ол бар немесе жоқ. Бүгін кәсіпкерлеріме маған қолдау білдіргендері үшін алғысым шексіз. Бәрі риясыз, шын жүректен жасалды, шын жүректен жасалған көмек қана берекелі. Бүгінгі күні біз 260 мың теңге ақшалай аударып, 2 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жіберіп жатырмыз. Оның үстінде кәсіпорнымызда қайырымдылық жасау дәстүрге айналған», – деді  «Глобал-Спецодежда» ЖШС бас директоры, ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Надежда Шабаева.

 Ақтөбе облысы Іскер әйелдер кеңесі де қалыс қалмады. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға 300 мың теңге жіберілді. Ақтөбе облысының бастауыш кәсіпкерлері, Like Центрдің «Скорость» курсының түлектері отандастарына қолдау білдіріп, гуманитарлық және материалдық көмек беру акциясын іске қосты. Олар жинап жатқан қаражат «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры ашқан шотқа аударылады. Қазір шамамен 140 000 теңге аударылды.

 Жалпы сомасы 300 мың теңгеге киімді «Зеренбаева Эльмира Елубаевна» жеке кәсіпкері жіберді. Көп балалы ана, Ақтөбе ӨКП «Кәсіпкер ана» жобасының түлегі Жанагүл Ділжанова өз үлесін қосып, 20 мың теңге аударды. Тағы 10 теңгені Актбе облысы бойынша Аутизм дертіне шалдыққа балалар атан-аналарының қауымдастығы аударды. Сонымен қатар Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері Арыс қаласына бір күндік жалақыларын аударды.

Алматыда Қазақстан туризм және қонақүй бизнесі қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова турагенттіктер мен қонақүйлер де адамдарды  орналастыру  және тасымалдау бойынша қолдау көрсеткінін хабарлады. «Сұңқар» медициналық клиниканың иесі Қуаныш Керімқұлов зардап шеккендерге медициналық көмек беру үшін Шымкент қаласындағы филиалдан дәрігерлерді Арысқа жіберді және баспанасыз қалған тұрғындарға емханадан уақытша орын бөлді. Бизнесмендер Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері.

 Қарағанды облысының бизнесмендері мен меценаттары Қарағандыдан Арысқа авиарейспен  10 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл азық-түлік өнімдері, киім, бірінші қажеттіліктегі заттар. Өз кезегінде қарағандылық фармацевтикалық зауыт төтенше орын алған қала  тұрғындарына ең өажетті дәрі-дәрмектер легін жіберді. Сонымен қатар Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын аударды. Қарағанды облысы ӨКП Өңірлік кеңесі қаражат жинау науқанына белсенді атсалысып, «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры ашқан ресми шотқа 5 миллионнан астам теңге аударды.

 Түркістан облысы, Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше оқиғаға байланысты Қызылорда халқы да бей-жай қарай алмады. Оқиға орын алған сәттен бастап Облыс әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, аймақ кәсіпкерлері, оның ішінде Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелері, жастар ұйымдары бірлесе отырып көмек қолын созуға кірісіп кетті. Қызылорда облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталып, 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық (гречка), 1,5 тн сүт жіберілді. Бұл азық-түлік өнімдері әлі де толыға түседі.
Аталмыш күрішпен облыстағы«Абзал и К» ЖК,«Ақтөбе и К» ЖШС, «Абай Дәулет» ЖШС, «Жан Арай» ЖШС, «Ақжарма 2» ШҚ, «Жаңажол» ЖШС,«Ақжарма и К» ФҚ,«Ақмая» ШҚ, «Төңкеріс К» ШҚ,«Сыр маржаны» және «Түгіскен ТШ» ЖШС ауылшаруышылық тауар өндірушілері қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері  бір күндік жалақыларын аударды.

Батыс Қазақстан облысы арыстықтарға белсенді көмек көрсетіп жатыр. Ұйымдастырылған 3 көмек жинау пунктінде киім және тауар қабылдау жалғасуда. Кезекті жүк көлігі Түркістан облысына кетуге дайын. Қаржылай көмекті жеке кәсіпкерлер Валентина Михно, Лилия Хайруллина, Тұрарбек Тілемісов, Балзия Евенеева аударды.  

 Жалпы алғанда «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі» ашқан шотқа Арыс қаласында зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 29 млн-нан астам теңге түсті. Қаражатты кәсіпкерлер және Қазақстан азаматтары жіберіп жатыр.

 Естеріңізге салсақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін Арыс қаласында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіп, мүмкіндігінше көмек беруге шақырды. Көмек қаражатын жинау шотын «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашты. Қаражатты компьютер немесе смартфон арқылы сілтемеге өтіп («Көмек бергім келеді» батырмасы), аударуға болады.

Немесе келесі банк реквизиттері арқылы:

 010000, г.Нұр-Сұлтан, Есіл ауданы, Сығанақ, 25-үй

БИН 180540015308

ИИК KZ759470398991370112

БИК ALFAKZKA

«Альфа-Банк» АҚ

 

Нұр-Сұлтан қаласында гуманитарлық көмек жинау штабы «Менің Атамекенім» жобалық алқаның коворкинг орталығында Достық 5, IQ coworking, 9-кеңседе ашылған. 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер