«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысында «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы жұмысын бастады

2019 жылғы 03 Сәуір
- Жетісу облысы
16406 просмотров

Кәсіпкерлерге бағдарламаға қатысу шарттары түсіндірілді

Өңірде Басым жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының жұмысын мониторингілеу бойынша Жобалық алқа («Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы) құрылды.

Жобалық алқа бағдарламаға кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын, бизнес жобаларды бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап қаржыландыруға дейінгі сүйемелдеуді жүзеге асыратын болады. Жобаларға үнемі мониторинг жүргізіліп,  проблемалық сұрақтар анықталады.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасының құрамында Кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы, «Даму» қоры, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің өкілдері бар. Жұмыс қорытындылары апта сайын республикалық Жобалық алқа алдында сарапқа салынады. Жалпы бағдарламаны жүзеге асыруға 600 млрд теңге бөлінді.

Жақында Алматы қаласы өңіріндегі кәсіпорындардың басшылары мен қаржы директорларының қатысуымен бағдарлама шарттарын түсіндіруге арналған жұмыс кездесуі өтті. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсет Шаяхметов бағдарлама талаптары, қаржыландыру механизмдеріне кеңінен тоқталып, компания өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

 «Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Қаржы алу үшін банкке өтінім беріп, бағалау мен бекіту үрдістерінен өту керек. Қазіргі таңда 9 банк кәсіпкерлерді 8% бойынша несиелеуге әзір. Қарыз 9 жылға беріледі. Өтінімді қарастыру кезеңінде субсидиялау сомасы да қарастырылады», - деп атап өтті Әсет Шаяхметов.

Қазіргі таңда облыс бойынша үш компанияның өтініші банктерге қарастыру үшін жолданды. Сонымен бірге 15 компания бағдарламаға қатысуға қызығушылық білдіріп отыр.

Айта кетейік, биыл Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдау үшін 600 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, бұл қаражат жеңіл өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, жиһаз өндірісіне, құрылыс материалдарын өңдеу мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады.

Жобалық алқа мекенжайы: Талдықорған қ-сы, 8 шағын аудан, Астана даңғылы 2 А, Көрме кешенінің ғимараты 2-қабат. Анықтама үшін: 8 (7282) 40 14 98, эл.пошта: a.kaskarauov@atameken.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер