«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астананың үздік тауарлары айқындалды

2016 жылғы 31 Тамыз
- Астана қаласы
7749 просмотров

Астанада жыл сайын өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі мәресіне жетті

Көрмелік байқауда алғаш рет made in Astana белгісімен әуежайлар мен әуе компанияларына арналған мұз қатуға қарсы құралдар мен бірегей медициналық және электр құрылғылары ұсынылды. Сорғылар, қалдықтарға арналған ыдыстар, зергерлік бұйымдар, жиһаздар, фаст-фудтар мен жартылай дайын өнімдерді шығарумен айналысатын компаниялар байқауда бақтарын сынады. Қатысушылар арасында жаңа компаниялармен қатар, бұрынырақ күштерін бағамдап көрген компаниялар да болды.

Биыл байқаудың «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша құрылған үш сарапшы топтың құрамына Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары, елордалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының, Қазақстандық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік қауымдастығының, Өнімдерді, қызмет түрлерін сертификаттау орталығының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Ұлттық аккредитациялау орталығының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді.

Нәтижесінде сарапшы топтардың мүшелері «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымының жеңімпазын анықтады. Сонымен, бірінші орынды 2006 жылы құрылған «Елордалық шыны пакет компаниясы» ЖШС жеңіп алды. Кәсіпорын табақ шыныларды өнеркәсіптік қайта өңдеу саласында көшбасшылардың бірі саналады. Заманауи технологиялар компанияға Қазақстан аумағындағы шыныларды қайта өңдеумен айналысатын компаниялардың арасында алдыңғы қатарда көрінуге мүмкіндік береді. Компания өндіріске жаңа технология енгізген. Ол қазақстандық нарықта баламасы жоқ энергияны үнемдеуші өнім. Айта кетерлігі, «Елордалық шыны пакет компаниясы» ЖШС «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нысандарын салуға қатысуда.

Екінші орынға «Alab Industries» ЖШС ие болды. Компания 2015 жылдың қаңтар айында құрылған. Мақсаты – еуропалық инновациялық технологияларды қолдана отырып, Қазақстан үшін жаңа химиялық өнім түрлерін шығару. «Alab Industries» ЖШС Қазақстанның әуежайлары мен әуе компанияларының, коммуналдық қызметтерінің қажеттіліктеріне арналған мұз қатуға қарсы құралдар шығару саласындағы отандық тауар өндіруші саналады. Компанияның өнімдері LIMA AMIL (Канада), SMI Inc. (АҚШ) сияқты халықаралық зертханаларда тіркеліп, сертификаттаудан өткен әрі аталған өнімді шығаруға құқығы бар әлемдік деңгейдегі 30 жетекші компанияның қатарына кіреді. «Alab Industries» компаниясының өнімдері 2015 жылы Астана мен Ақтөбе қаласындағы әуежайларда табысты қолданылған.

Үшінші орынды «Спецэлектра» ЖШС алды. Бұл компания 2007 жылдан бері Астана қаласында блок-модульдық қосалқы станция шығарумен айналысады. 2009 жылы электр құрылғыларын шығаратын зауыт салса, келесі жылында алғашқы сырты бетонмен қапталған қосалқы станцияны шығарды. «Спецэлектра» ЖШС сырты бетонмен қапталған жиынтықты трансформаторлық қосалқы станциялар шығаратын Қазақстандағы жетекші компания. «Астана ӨЭК» АҚ, «АЭҮК» АҚ және «KEGOC» АҚ сияқты энергетикалық саладағы ірі компаниялар мен «BI GROUP», «Базис», «Альянсстройинвест», «Шар-Құрылыс» сияқты ірі құрылыс компаниялары «Спецэлектра» ЖШС-мен жұмыс істеу артықшылықтарын ерекше бағалап үлгерген. 2015 жылдан бері «Спецэлектра» ЖШС 20 кВ-тық құрылғылар өндірісін қолға алған Қазақстан Республикасындағы жалғыз компания атанып келеді әрі бұл өнімдерін елорданың түрлі нысандарына табысты жеткізген.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында «LED Solution» ЖШС топ жарып шықты. Компания 2010 жылы құрылған. Негізгі бағыты жарық-диодты шамдар шығару. Өндірістік қуаты жылына 60 мың шырағдан. Шырағдандар мен шамдар өндірісінде Samsung (Корея), Cree (АҚШ) сияқты әлемдік нарықта сапасы жағынан танымал компаниялардың жарық-диодтары қолданылуда. Шығарылатын өнімге 1 жылдан 5 жылға дейін кепілдік беріледі. Компания 2010 жылдан бері қуатты жарық-диодтар негізіндегі және энергияны үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып, тұрмыстық, кеңселік, өнеркәсіптік және жарнамалық жарықтандыру саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша табысты жұмыс істеп келеді. Компания үйге, кеңсеге, өнеркәсіптік нысандар мен көшені жарықтандыруға арналған жарықдиодты өнімдердің 100-ден астам түрін шығарады.

Екінші орын «БАРК Технолоджи» ЖШС-ға бұйырды. Компанияның іргетасы 2011 жылы қаланған, жобалық-сметалық құжаттарды дайындаумен, әлеуметтік нысандар салумен, медициналық құрал-жабдықтарды шығарумен және жеткізумен айналысады. «БАРК Технолоджи» компаниясы ХОБЛ-синдромы және ересектер мен балалардың өкпелеріндегі ауытқуларды емдеуге қолданылатын өкпе терапиясына арналған бірегей VbroLUNG аппаратын әзірлеуші және құқық иесі болып саналады. Бұл аппарат физиотерапиялық құрылғылар санатына кіреді. Әсер етуші фактор – діріл (дыбыстық төмен жиіліктегі және инфрадыбыстық диапазон)

Үшінші орынды 2008 жылы құрылған «Samhat» аяқ киім фабрикасы» ЖШС алды. Фабриканың өндірстік қуаты жылына 500 мың былғары аяқ киім жұбын шығаруға мүмкіндік береді. Аяқ киім өндірісінде табиғи тері, экологиялық таза материалдар мен отандық және импорттық өндірістегі қосымша бөлшектер қолданылады. Аяқ киім фабрикасы шығаратын өнімдер үш санатқа бөлінеді: күнделікті киетін әйелдер мен ерлердің аяқ киімдері, әскери-күш құрылымдарына арналған аяқ киімдер мен жұмысқа арналған қорғаныш аяқ киімдері.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының бірінші жүлдесі «Банур-НС» ЖШС-ға бұйырды. Компания Астана қаласында 2009 жылы құрылған, итальяндық технологиямен жұмсақ балмұздақтар шығарумен айналысады. Сол жылы Bambino бренді патенттелген. 2010 жылы-ақ елорда көшелерінде тәтті балмұздақтардың сан түрін ұсынатын алғашқы вагон-омнибустар пайда болғаны аян. 2013 жылы франшизасын сата бастап, Астана және Қарағанды қалаларында алғашқы франчайзингтік кәсіпорындар ашылған. 2014 жылы Ресейде, яғни алдымен Барнаулда, кейін Челябинскте екі қос филиалы ашылған. 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап компания әлемдегі ең ірі нарық – Қытай нарығын бағындыра бастады.

Екінші орын «Golden Rill Trade» ЖШС-ның «Хрустальная вода» сауда белгісіне берілді. Компания 18 жыл бұрын құрылған. Астанада 2000 жылдан бері жұмыс істеуде. Қазіргі таңда ауыз су шығаратын қазақстандық ірі компания саналады. «Хрустальная» суы №9 және №22 ұңғымаларынан алынады. Одан кейін су 7 сатылық тазалаудан өтеді. Компанияның өнімдері ультразаманауи және жаңа құрылғыларды пайдалана отырып дайындалады.

Үздіктердің үштігін «Романовск өнімдері» сауда белгісімен тіркелген «Нұр Әділ» жеке кәсіпкерлігі тәмамдады. Кәсіпорын 2007 жылы құрылған, нан өнімдерін, кондитерлік және аспаздық өнімдерді шығарады. Компанияның негізгі ұстанымы – тұтынушының қауіпсіздігі. Кәсіпорында шығарылатын өнімдердің санитарлық жағдайының сапасына қатаң бақылау жүргізіледі. ЖК зертханалардың бірімен тығыз байланыста, ай сайын өнімдердің сынамасын зерттеуге жіберіп тұрады.

Шара барысында сөз алған Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры  Ғани Тасмағанбетов ортақ күш біріктіру арқылы отандық кәсіпорындар шығаратын өнімдердің сапасын арттыру, қоғамның назарын қазақстандық тауарларға аудару және оларды танымал ету, бизнесті жандандыру сияқты «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің басты міндеттері орындалатындығына сенім білдірді.

Айта кетерлігі, өңірлік іріктеудің жеңімпаздары жыл соңында республикалық деңгейде өткізілетін «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне жолдама алады. Аталған деңгейде жеңімпаз атану қатысушыларға өзі туралы бүкіл Қазастанға жар салуға мүмкіндік береді. Байқау дипломанттары төрт жыл бойы байқаудың белгісін жарнамалық мақсатта пайдалана алады. Байқауға қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетсек, Елбасының Жарлығына сәйкес, «Атамекен» ҰКП мен оның өңірлердегі филиалдары 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесін ұйымдастырып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер