«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Самосвалдарға жасыл жарық: шектеулер алынып тасталды

2026 жылғы 15 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
9647 просмотров

1 қаңтардан бастап Қазақстанда салмағы 12 тоннадан асатын самосвалдар мен ауыр жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен қозғалуына қойылған тыйым алынып тасталды. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің күшіне енуіне және заңнамаға енгізілген ілеспе түзетулерге байланысты мүмкін болды.

Еске салайық, бұған дейін 1 қаңтардан бастап рұқсат етілген ең жоғары массадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым енгізу жоспарланған болатын. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» заңының 38-2-бабында көзделген еді.

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді, себебі аталған шара бизнес қауымдастығының, әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы кәсіпкерлердің алаңдаушылығын тудырған.

Алайда Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің жобасы және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында бұл нормалар қайта қаралды. Қабылданған түзетулер ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қатысты тыйым салатын ережелерді алып тастады.

ШҚО бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, қабылданған өзгерістерге сәйкес «Автомобиль жолдары туралы» заңның 23-2 және 38-2-баптары күшін жойды, ал тыйымды алып тастау ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

«Осылайша, белгіленген салмақтық және габариттік параметрлер сақталған жағдайда самосвалдар мен ауыр жүк көліктері жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен еркін қозғала алады. Бұл көлік түрімен жүк тасымалдауға қатысты қандай да бір қосымша шектеулер көзделмеген», – деп түсіндірді ведомствода.

Уәкілетті органдар рұқсат етілген осьтік жүктемелердің және көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптардың сақталуына бақылау жалғасатынын атап өтті. Ауыр жүк көліктерінің иелері мен операторларына әкімшілік жауапкершіліктен сақтану үшін қолданыстағы нормаларды қатаң сақтау ұсынылады.

«Қабылданған өзгерістер кәсіпкерлік қызметті қолдауға, инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын кедергісіз іске асыруға, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған», – деді Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174