«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық бизнес үшін салықтық әкімшілендіру мәселесі әлі де өзекті

2025 жылғы 02 Желтоқсан
284 просмотров

Кәсіпкерлер жиі тап болатын өзекті мәселелердің бірі – салықтық әкімшілендіру және осы саладағы әкімшілік қысым. Тек 2025 жылдың 9 айында салық салу бағытында 126 879 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, мұндай жағдай қолданыстағы тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) бұзушылықтардың алдын алуға емес, көбіне әкімшілік шараларды күшейтуге бағытталғанынан туындайды. ТБЖ шарттарының ашық еместігі де негізгі проблемалардың бірі саналады. Бұл шарттар Мемлекеттік кірістер комитетінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген, кейін ол 2024 жылғы 24 желтоқсанда шыққан «Құпия ақпарат саналатын шарттар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тәртібін бекіту туралы» балама бұйрықпен ауыстырылды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ТБЖ шарттарын барлық деңгейде ашық қылу қажеттігін тұрақты түрде көтеріп келеді. Палата өкілдері салық төлеушілер қолданылатын салықтық бақылау шараларының қандай негіздерге сүйенетінін анық түсінуге тиіс екенін ерекше атап өтеді.

Жаңа сот тетігі – сот актілерін кассациялық тәртіппен даулаудың енгізілуі аясында «Атамекен» ҰКП Мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне қатысты әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотқа жүгінді. 2025 жылғы 13 тамызда аталған әкімшілік істі қарау барысында Сот мынадай қорытындыға келді:

«Бұйрық нормативтік құқықтық акт бола отырып, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпегендіктен, тиісінше заңды күшіне енбеген және даулы құқықтық қатынастарда қолдануға жатпайды. Салық органы тарапынан аталған Бұйрықпен бекітілген жабық шарттарды қолдану негізсіз деп саналады».

Аталған сот шешіміне қарамастан, мемлекеттік тіркеуден өтпеген нормативтік құқықтық актіні қолдану тәжірибесі жалғасқан. Осыған байланысты 2025 жылғы 9 қазанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істі қарап, келесі заңдық фактілерді анықтады:

• Бұйрық әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтпеген;

• «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгі оның міндетті тіркелуінен босатуға негіз бола алмайды;

• Тіркелмеген актіні қолдану – заңға қайшы.

Сот қаулысына сәйкес, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 457-бабының 2-бөлігі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу туралы заңнаманы бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осылайша, қалыптасқан сот тәжірибесі салық жүйесінің ашықтығын арттырудың, салықтық бақылау рәсімдерінің заңдылығын қамтамасыз етудің және бизнеске көрсетілетін әкімшілік қысымды төмендетудің маңыздылығын тағы да растайды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және еліміздегі салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған бастамаларды ілгерілету бойынша жұмысын жалғастырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174