«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ТМК реформа қарсаңында: бизнес-қауымдастық тұрақты ережелер мен ашық тарифтерді талап етуде

2025 жылғы 17 Қараша
471 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық палатасында геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысы өтті.

Жиында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық бастамалар, ТМК кәсіпорындарының салықтық реттелуі және жүк теміржол тасымалдары бойынша тарифтік саясат мәселелері қаралды.

Отырысқа «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, Комитет төрағасы Николай Радостовец, Қазақстан тау-кен өндірушілер палатасының президенті Руслан Баймишев, сондай-ақ саланың жетекші кәсіпорындарының басшылары мен өкілдері қатысты.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық бастамалар

Гүлнар Бижанова «Атамекен» ҰКП ТМК саласын дамытуға бағытталған жұмыстарға белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Палата келіссөздер алаңын ұсынып, сараптамалық талқылаулар ұйымдастырады, сараптамалық материалдар дайындап, салалық бизнес ұсыныстарын біріктіреді.

Отырыста ТМК және оған іргелес салалардағы өзекті мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар таныстырылды. Ол сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Бизнестің цифрлық картасын (БЦК) дамыту бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, ТМК саласында салалық тауашаларды қалыптастыру, кен пайдаланушылардың сатып алуларында елішілік құндылық үлесін арттырудың теңгерімді тәсілдерін іздеу сияқты бастамаларды іске асыру аса маңызға ие екенін тілге тиек етті. Бұл шаралар жиынтығында ел экономикасы үшін оң мультипликативтік әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Кодексті өзгерту жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы 12 қыркүйектен бастап жұмыс істеп келеді. Оның қарауына 22 түзету жолданған, соның ішінде байланысты заңнамаларға өзгерістер.
Нәтижесінде 2 түзету алынып, 7 алдын ала қолдау тапты, бірқатар ұсыныс қосымша пысықтауды талап етеді (техногендік минералдық түзілімдер, келісімшарттарға толықтырулардың экономикалық сараптамасы).

Кейбір мемлекеттік органдардың төмен белсенділігі және технологиялық тұрғыдан орындалуы мүмкін емес талаптарды ұсынуы сынға алынды. Протоколдық келіспеушіліктер қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан тау-кен өндірушілер палатасының президенті Руслан Баймишев саланы реттеу тәжірибесіне қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын жеткізді.

«Металл бағасы өсетін болса, саланың бәсекелестік ортасы тарылып, салықтық ауыртпалық арта ма деген сұрақ инвесторлар үшін өзекті болып отыр. Яғни, біз салалық және салықтық заңнаманың тұрақтылығы мәселесіне қайта ораламыз», - деді ол.

Комитет төрағасы Николай Радостовец келесі жылы Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер енгізуге қатысты саяси шешім қабылданғанын атап өтіп, бұл реформаның екінші кезеңінің басталуын білдіретінін жеткізді.

ТМК кәсіпорындарының салықтық реттелуі

«ТКМК» ЗТБ Атқарушы директорының бірінші орынбасары Максим Кононов жаңа Салық кодексін іске асыруға арналған шамамен 200-ге жуық қосымша акт әзірленіп жатқанын хабарлады. Олардың ішінде ҚҚС-ты есепке алу әдісімен қолдану және артық төленген ҚҚС-ты қайтару тетіктеріне қатысты құжаттар бар. Бұл мәселелер «Атамекен» және салалық қауымдастықтармен талқылануда.

Роялти тетігі бөлек қаралды. Сарапшылар қолданыстағы модель халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейтінін атап өтіп, оны жетілдіру үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Жүк теміржол тасымалдары бойынша тарифтік реттеу

«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – ТМК департаментінің директоры Рустам Шунтуков соңғы үш жылда локомотивтік тарту тарифтері екі есеге өскенін, бұл кәсіпорындарға айтарлықтай жүктеме түсіретінін атап өтті.
2023 жылы тарифтер – 3 рет, 2024 жылы – 5 рет, 2025 жылы – 3 рет көтерілген.

2025 жылы экспорттық тасымалдауда «ҚТЖ» тарапынан ең жоғары баға шегінің (3,0) қолданылуы бизнес үшін елеулі экономикалық шығындарға әкелген.

«ТКМК» табиғи монополиялар жөніндегі департамент директоры Эльмира Войнова:

«Тасымал шығындарының одан әрі өсуі экономиканың негізгі салаларының жұмысына қауіп төндіреді», – деп атап өтті.

2026–2030 жылдарға арналған тарифтердің болжамды өсімі де алаңдаушылық тудырды: көмір – 90%, астық – 69%, темір кені – 71%, минералдық тыңайтқыштар мен түсті руда – 84%.

Өсімнің негізгі бөлігі – 2026 жылы (шамамен 38%).
Сонымен қатар, максималды баға индексінің (3,0) қолданылуы тарифтердің үш есе арту тәуекелін тудырады.

Бизнес теміржол инфрақұрылымын дамытуға қажетті инвестицияларды ТМК кәсіпорындарына шамадан тыс жүктеме артпайтындай етіп жоспарлау керек екенін атап өтті.

Тарифтік әдістеменің жаңа тұжырымдамасы бизнес ұсыныстары ескерілмей дайындалғаны айтылып, оны қолданыстағы нұсқада келіспеу және қосымша талқылау ұйымдастыру ұсынылды.

Отырыс қорытындылары

Талқыланған мәселелер уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен одан әрі пысықтауға жіберілді. Комитет мүшелері Николай Радостовецтің төрағалық өкілеттігін ұзарту туралы шешімді бірауыздан қолдады.

«Атамекен» Ұлттық палатасы ТМК кәсіпорындарының мүдделерін заңнамалық, салықтық және тарифтік саясат саласында қорғау бойынша жұмысты жалғастырады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174