«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан Үкіметі тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін бекітті: құжаттың түпкілікті нұсқасы әзір болды

2025 жылғы 14 Қараша
3163 просмотров

Кәсіпкерлердің басым бөлігі өздеріне ыңғайлы оңайлатылған салық режимінде жұмысын жалғастыра алады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасының Үкіметі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесін бекітетін қаулыға қол қойып, оны жариялағанын ресми түрде мәлімдейді.

Бұл шешім мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, қоғам белсенділері мен салалық қауымдастықтардың ұзақ мерзімді және бірлескен жұмысының нәтижесінде қабылданды. Оның басты мақсаты — адал кәсіпкерліктің мүддесін қорғау болды.

«Біз басты мақсатқа қол жеткіздік – мемлекет пен кәсіпкерлер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз еттік. Құжаттың соңғы нұсқасы дайындалып, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің басым бөлігі өздеріне ыңғайлы оңайлатылған режимде қызметін жалғастыра алатын болды», – деп атап өтті ҰКП өкілдері.

Тізімде қандай қызмет түрлері жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшуге міндетті екені нақты көрсетілген.

Осылайша, барлығы 44 негізгі санат пен 185 нақты қызмет түрі (ЭҚЖЖ бойынша) оңайлатылған салық режимінен шығарылды.
Тізімге жоғары табысты және мемлекеттің қатаң бақылауындағы қызмет түрлері енгізілді.

АСР қолдануға тыйым салынған негізгі бағыттар:

• Барлық қаржылық, сақтандыру және делдалдық қызметтер, оның ішінде ломбардтар, банктер, сақтандыру брокерлері мен агенттері.
• Акцизделетін өнімдерді (темекі, алкоголь) өндіру және көтерме саудасы, сондай-ақ бензин, дизель және мазут сату. (Сұйытылған газдың бөлшек саудасы тізімге кірмейді)
• Кеңес беру және маркетингтік қызметтер, бухгалтерлік есеп пен аудит, сондай-ақ адвокаттық және нотариалдық қызмет.
• Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың құрылысы – жобалау мен құрылыс жұмыстары, сондай-ақ тұрғын үй қорын (көпқабатты және жеке үйлерді) сату немесе сатып алу.
• Барлық пайдалы қазбаларды өндіру (алтын іздеу қызметінен басқа), түсті және қара металл сынықтарымен айналысатын қызмет түрлері.
• 1, 2 және 3 санаттағы стационарлық сауда нысандарына және сауда нарығына жататын  объектілерді қайта жалға беру (субаренда) қызметі.

Сонымен қатар 4 және 5 санаттағы, ауданы 200 шаршы метрден аспайтын нысандар, яғни минимаркеттер мен үй жанындағы дүкендер – бұл тізімге кірген жоқ.

«Атамекен» ҰКП барлық кәсіпкерлерге өз қызмет түрлері мен ЭҚЖЖ кодтарын тексеріп, егер олар тыйым салынған тізімге енгізілген болса, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өтуге дайындалуға кеңес береді.

Салық режимін уақтылы ауыстыру үшін өз қызметіңізді мұқият талдап, өзгеріс кезеңін айыппұлсыз және қиындықсыз өткеріңіз.

Сондай-ақ оңайлатылған декларация негізіндегі АСР шеңберінде жасалған мәмілелер бойынша шегерімдерге қатысты шектеулер бар екенін ескертеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174