Цифрлық саудада жаңа мүмкіндіктер: «Атамекен» және OMarket бірлескен семинар өткізді
70-тен астам отандық компания мемлекеттік сатып алулармен цифрлық платформа арқылы жұмыс істеу бойынша практикалық білім алды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы OMarket.kz электрондық сауда алаңымен бірлесіп, қазақстандық тауар өндірушілерге арналған тегін онлайн-семинар өткізді.
Семинарға Қазақстанның бірнеше өңірінен келген 70-тен астам компания өкілдері қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын заманауи цифрлық құралдар арқылы кеңейту.
Семинарға қатысушылар OMarket функционалын тиімді пайдалану, бизнесті кеңейту, жаңа нарықтарға шығу, жаңа клиенттерді табу және тарту бойынша практикалық ұсыныстар алды. Сонымен қатар, 2025 жылы күшіне енген заңнамадағы өзгертулер мен олардың қазақстандық тауар өндірушілер жұмысына әсері талқыланды.
Қарастырылған негізгі тақырыптардың бірі – тауарларды жүктеу рәсімінің жеңілдетілуі. Жеткізушілердің көптеген өтінішінен кейін OMarket платформасында «Тауарларды жүктеу» функциясы қайта іске қосылды. Енді бұл процесс әлдеқайда жылдам әрі ашық: модерациядан кейін (5 жұмыс күнінен аспайды) тауар карточкалары Тауарлардың электронды каталогына (ТЭК) автоматты түрде жіберіледі. Мұнда әрбір тауарға KZTIN бірегей коды беріледі және тауар витринада қолжетімді болады.
Жаңа процедура тауар жүктеу мен ҚТӨ мәртебесін растау үдерісін бір әрекетке біріктіреді, бұл тауар өндірушілерді осы процесті екі жүйеде қайталап жүктеуден босатады.
Қатысушыларға отандық тауар өндірушілер үшін жаңа қаржылық шарттар туралы да айтылды: келісімшарт жасалғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде 50% мөлшерінде алдын ала төлем қарастырылған, ал соңғы төлем – міндеттемелер орындалғаннан кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. ОТӨ тауарлары бойынша жеткізу мерзімі 60 күнтізбелік күнге дейін ұзартылды.
Маңызды мерзімдерге ерекше көңіл бөлінді. Қазақстандық тауар өндірушілерге тауарларын платформаға 2025 жылдың 31 қазанына дейін жүктеуге кеңес беріледі. Бұл – ұлғайтылған жеткізу мерзімдерін ескере отырып, ағымдағы қаржылық жылдың сатып алуларына үлгеру үшін маңызды.
Сондай-ақ, қатысушылар болашақ өзгертулермен де танысты: 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық тауар каталогынан алынған NTN-кодының болуы міндетті болады. Бұл кодсыз тауарларды сатуға тыйым салынады.
Семинар барысында OMarket алаңының негізгі көрсеткіштері де таныстырылды. Платформада 18 500-ден астам тапсырыс беруші тіркелген, 2024 жылы 270 млрд теңгеден астам сомаға тапсырыстар рәсімделген. Каталогта 47 санат бойынша 900 000-нан астам тауар карточкасы бар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: