«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЖИ және ШОБ цифрландыру: «Атамекен» ҰКП Корея Республикасы делегациясымен кездесу өтті

2025 жылғы 02 Қазан
449 просмотров

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Корея Республикасының Шағын және орта кәсіпкерлік пен стартаптар министрлігі Цифрландыру бөлімінің жетекшісі Вон-Сан Чамен кездесті.

Кездесуде шағын және орта бизнесті дамытуда жасанды интеллект технологияларын қолдану перспективалары талқыланды.

Өз сөзінде Р. Баталов Палатаның қызметі, мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстанда Корея, Сингапур, БАӘ, Қытай және Жапония елдерінің үздік халықаралық тәжірибелері белсенді түрде енгізіліп жатқанын жеткізді. Ол Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) жүзеге асырып отырған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да назар аударып, оның шағын бизнесті қолдау мен аймақтық брендтерді дамытудағы рөліне тоқталды.

Корея тарапынан Вон-Сан Ча шағын және орта бизнесті цифрлық трансформациялау стратегиясын таныстырып, ЖИ қолданудың тәжірибелік мысалдарымен бөлісті. Кореяда цифрлық шешімдер кеңінен қолданылады: тәулік бойы қызмет көрсететін чат-боттар, сату көлемін болжау және қойма қорын басқару жүйелері, бухгалтерлік есеп пен маркетингті автоматтандыру, сондай-ақ онлайн-сауда платформаларын интеграциялау.

Сонымен қатар Кореяда қарт кәсіпкерлерге заманауи технологияларды меңгеруге және ЖИ бизнесте пайдалануға көмектесетін мобильді бригадалар жұмыс істейтінін жеткізді. Бұдан кәсіпкерлерді әлеуметтік қолдауға ерекше мән берілетінін аңғаруға болады.

БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня да шағын және орта бизнесте жасанды интеллектіні қолданудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай технологиялар бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және кәсіпкерліктің орнықты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Р. Баталовтың айтуынша, жасанды интеллект технологияларын қолдану шағын және орта бизнестің тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және қазақстандық кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға қол жеткізуіне жол ашады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар шағын және орта бизнесті дамытуға және озық цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174