«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада Цзянсу провинциясының ірі корпорациясы өкілдерімен кездесу өтті

2025 жылғы 15 Тамыз
- Астана қаласы
668 просмотров

Астанада қала Кәсіпкерлер палатасы басшылығының, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қытайдың Цзянсу провинциясындағы ең ірі мемлекеттік кәсіпорындардың бірі – China Jiangsu International Group халықаралық корпорациясы өкілдерінің кездесуі өтті.

Келіссөздердің негізгі өзегі - іскерлік байланыстарды дамыту және экономикалық өсімді ынталандыруға қабілетті бірлескен жобаларды жүзеге асыру.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев қонақтарға ұйымның қызметін таныстырып, Палатаның бизнес пен мемлекет арасында тікелей диалог жүргізуге арналған ашық алаң екенін атап өтті.

«Мұнда кәсіпкерлер өзекті мәселелерін тікелей көтеріп, құқықтық және салықтық қолдау алып, әкімшілік кедергілерді еңсеріп, инвестициялық идеяларын іске асыру үшін серіктестер таба алады», - деді ол.

«Чжунцзян» корпорациясының бас директорының орынбасары Ху Лин компанияның ауқымы мен қызмет бағыттары туралы айтты. Корпорация құрылыс, сауда және инфрақұрылымға инвестиция салу салаларын біріктіріп, 40-тан астам еншілес кәсіпорындар мен филиалдарға ие, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен жаңа қалалық құрылыс тұжырымдамасы аясында табысты жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның айтуынша, Қытай Қазақстанды Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді серіктестік үшін негізгі әріптес ретінде қарастырады.

Келіссөз барысында тараптар тәжірибе алмасу, заманауи құрылыс технологияларын енгізу және елордадағы көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды бірлесіп әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласып, әріптестік жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашатынын, жұмыс орындарын құратынын және Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174