Астанада жаңа шағын өнеркәсіп аймағын іске қосуға дайындық жүргізілуде
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен «Өнеркәсіп, даму және ӨТП қолдау» салалық кеңесінің мүшелері «Vostok Logistics» ЖШС жүзеге асырып жатқан шағын өнеркәсіптік аймаққа барды.
Жоба шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған заманауи әрі қолжетімді өндірістік алаңдарды ұйымдастыруды көздейді.
Кешеннің жалпы аумағы 8 400 шаршы метрді құрайды. Мұнда тігін цехтары мен ағаш өңдеу өндірісінен бастап шағын тамақ өнеркәсібіне дейінгі кең ауқымды өндірістерді орналастыруға мүмкіндік бар.
Өнеркәсіптік аймақта қызметкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалған: функционалды жоспарлау, заманауи инженерлік инфрақұрылым және өндірістік процесті тиімді ұйымдастыруға қажетті барлық мүмкіндік қарастырылған.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңіс Тайшытаев мұндай алаңдардың дамуы жергілікті өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, жұмыс орындарын құруға және елордада бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік негіз қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, «Vostok Logistics» ЖШС жобасы - шағын және орта кәсіпкерліктің өсуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған бизнес пен мемлекеттің табысты әріптестігінің айқын үлгісі.
Нысанды іске қосу 2025 жылғы қыркүйек айының соңына жоспарланған. Бұл қадам Астананың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі кәсіпорындардың ішкі нарықтағы орнын нығайтуға да мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: