Астанада медициналық ұйымдарды қаржыландыру және салық салу мәселелері талқыланды
Астанадағы Кәсіпкерлер палатасында «Денсаулық сақтау» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға медициналық қауымдастық өкілдері, салық салу саласындағы сарапшылар мен уәкілетті мемлекеттік органдар қатысты. Күн тәртібінде елорданың медициналық ұйымдарының қызметіне тікелей әсер ететін өзекті мәселелер қаралды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі - Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі жобасын талқылау болды. Ұсынылған өзгерістерге қысқаша шолу жасап, «Business Revision» ЖШС директоры, Салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Лариса Мильто баяндама жасады. Ол 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа нормаларға және олардың медициналық ұйымдардың салықтық жүктемесіне ықтимал әсеріне назар аударды. Қатысушылар салықтық әкімшілендіру мен есептілікке қатысты жаңа нормаларды жан-жақты түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.
Талқылауды жалғастыра отырып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекова медициналық қызмет көрсетушілер, Денсаулық сақтау министрлігі, ӘМСҚ және салық саласы сарапшыларының қатысуымен жеке жиын өткізуді ұсынды. Бұл бастама жаңа салық заңнамасының медициналық салада қолданылуына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
Отырыс барысында бұл ұсыныс қолдау тауып, алдағы өзгерістерге медициналық ұйымдарды алдын ала дайындау және уақтылы ақпараттандырудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, салық салу, кәсіпкерлік қызметті реттеу және салықтық әкімшілендіру мәселелеріне қатысты өзекті сұрақтарды жүйелі түрде жинақтап, оларды Салалық кеңестермен бірлесіп Кәсіпкерлер палатасының алаңында талқылау және пысықтау туралы шешім қабылданды.
Медициналық көмекті қаржыландыру мәселелері де кеңінен талқыланды. «Медикер Астана» ЖШС директоры Ботагөз Қалдыбекова кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде бөлінетін жылдық қаражаттың бөліну тәртібіне тоқталды. Ол IV тоқсанда қосымша қаржыландыруды бөлу кезінде әлеуметтік жүктемесі жоғары және сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі шектеулі моноқалалар мен республикалық орталықтардың басым қажеттіліктерін ескеруді ұсынды.
Қаржыландыру көлемін бөлу және төлемдердің уақытылы жүргізілуіне қатысты сұрақтарға жауап берген Гүлжан Шайхыбекова қызмет көлемі жеткізушілердің электрондық платформа арқылы берген өтінімдері негізінде қалыптасатынын түсіндірді. Алайда бюджет шектеулі болған жағдайда, көлемдер пропорционалды түрде қысқартылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, бірқатар медициналық ұйымдар қызметіне төлемдердің техникалық себептермен кешіктіріліп жатқанын растады. Оның айтуынша, ӘМСҚ жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстап, жеткізушілермен тікелей байланыста жұмыс жүргізуде, қажет болған жағдайда ресми түрде өтініш жолдауды ұсынады.
Отырыс барысында басқа да проблемалық мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Ботагөз Қалдыбекова №278 бұйрықтың ДКПН бөлігіндегі учаскелік қызметтерге мемлекеттік алдын алу шараларын бөлудің тәртібін қайта қарау қажеттігін көтерді. Қатысушылар қазіргі жүктемені және нақты проблемаларды ескере отырып, бағалау индикаторларын түзету қажеттігін атап өтті. ӘМСҚ өкілдері тарифтің ынталандыру компонентінің шектеулі екенін, әсіресе студенттік учаскелік қызметтер үшін бұл мамандардың ынтасына теріс әсер етуі мүмкін екенін растады.
Отырыс қорытындысы бойынша салалық қауымдастықпен бірлесіп әзірленген нақты ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне жолдау туралы шешім қабылданды.
Отырыс соңында «Денсаулық сақтау» салалық кеңесінің төрағасы Ерлан Сүлейменов 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Жоспар кеңес мүшелерінің мақұлдауымен қабылданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: