«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада «Жұмысшы мамандықтар: сын-қатерлер мен даму жолдары» форумы өтті

2025 жылғы 12 Маусым
- Астана қаласы
969 просмотров

Астанада «Жұмысшы мамандықтар: сын-қатерлер мен даму жолдары» форумы өтті. Аталған форумды Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырды. Іс-шара кәсіби-техникалық кадрларды даярлау мәселелері бойынша бизнес, мемлекеттік органдар және білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Форумға 60-тан астам кәсіпкер, 20 колледждің өкілдері, салалық мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласының сарапшылары қатысты. Басқосудың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, дуалды оқытуды дамыту және оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестікті қалыптастыру.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде елордада жұмысшы кәсіптерді насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдарлау экскурсиялары ұйымдастырылып, кадрларды даярлау орталықтары ашылуда, WorldSkills чемпионаттарына қатысу кең етек жайып келеді, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы жүйелендірілуде. Бұл бастамалар жастардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертіп, оларды болашағы бар бағыт ретінде қабылдауға ықпал етеді.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ляззат Шонаева дуалды оқыту жүйесінің маңыздылығын атап өтіп, қазіргі таңда көптеген кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді. Бұл олардың нақты кәсіби дағдыларды меңгеруіне және еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасайды.

Форум аясында панельдік сессия және TEDx форматындағы сөз сөйлеулер өтті. Пікірталас барысында жастардың кәсіпке қызығушылығының төмендігі, оқу орындарының материалдық базасының әлсіздігі және инфрақұрылымның тозуы сынды мәселелер көтерілді. Сарапшылар мен колледж басшылары өз ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

TEDx сессиясында Sat-NS компаниясының HR Business Partner, Палатаның білім беру және жұмыспен қамту жөніндегі Салалық кеңесінің мүшесі Жанар Капенова «Дипломға дейінгі жұмыс орны» моделін таныстырды. Бұл тәсіл студенттерге оқу барысында кәсіби жолын бастап, жұмыс берушімен келісімшартқа отыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Astana Polytechnic College студенті Санжар құрылыс компаниясында тәжірибеден өтіп, оқуын аяқтамай тұрып еңбекке орналасты. Бүгінде ол – Қазақстандағы ең жас ПТО инженері. Мұндай тәсіл жұмыс берушіге – ынталы маман, колледжге – дайындық сапасының дәлелі, ал студентке – тұрақты табыс пен сенімділік береді.

Сондай-ақ форумда Өңірлік кеңестің мүшесі, «Шашлычок» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Улугбек Душабаев компанияда орын алған кадр тұрақсыздығы мен қызмет көрсету деңгейінің төмендігін еңсеру жолында жүргізілген реформалармен бөлісті. Ол ішкі оқыту жүйесін енгізіп, қызмет көрсету стандарттарын әзірлеп, мотивациялық бағдарламалар мен цифрлық шешімдерді енгізу арқылы команданы тұрақтандырып, жаңа франшизаларды іске қосқанын айтты. Бүгінде «Шашлычок» бренді тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша Қазақстандағы жетекші қоғамдық тамақтану желілерінің бірі саналады.

Форум қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды. Қатысушылар кәсіби стандарттарды қазіргі заман талаптарына сай жаңарту, оқу бағдарламаларын еңбек нарығына бейімдеу қажеттігін қолдады. Сонымен қатар, бизнес пен колледждер арасындағы байланыс форматын кеңейту үшін «Атамекен» өңірлік палатасы базасында B2B кездесулер өткізу ұсынылды. Мұндай алаңдарда оқу мазмұны, практика шарттары және бірлескен жобалар талқыланатын болады. Сондай-ақ түрлі салалардағы кәсіпорындар мен оқу орындары арасында меморандумдар жасасу арқылы ұзақ мерзімді серіктестік орнату жоспарлануда. Бұл жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, кадр даярлаудың практикалық бағытын күшейтуге және түлектерді тиімді жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер