«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нақты секторға арналған кадрлар: Астанада білім мен бизнес ынтымағы артуда

2025 жылғы 23 Мамыр
- Астана қаласы
554 просмотров

Білікті кадрларға деген сұраныстың артуы және мамандардың практикалық даярлығына қойылатын талаптардың өсуі жағдайында кәсіби білім беру мен бизнес арасындағы байланысты нығайту басым міндеттердің біріне айналуда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің «Жұмыс беруші күні» іс-шарасына қатысуы болды. Аталған іс-шара Астана қаласының «Қазтұтынуодағы жоғары колледжі» мекемесінде өтті.

Кездесу барысында еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімделген мамандар даярлау мәселесі талқыланды. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы тұрақты серіктестікті қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің оқу процесіне қатысуы, тәлімгерлік, өндірістік тәжірибе ұйымдастыру және оқу бағдарламаларын бизнес талаптарына бейімдеу қажеттігі сөз болды.

Колледж дуалды оқыту, тәжірибеге бағытталған дайындық, оқытушылардың тағылымдамасы мен студенттерді жұмысқа орналастыруға дейінгі сүйемелдеу бағытындағы қолданыстағы тетіктерді таныстырды. Бұл тәсіл түлектердің оқу орнын бітірген соң өндірістік ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.

Кездесу аясында колледж бен елордалық бірқатар кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруды, ресурстармен алмасуды, сондай-ақ жастардың кәсіби бағдарлануына және жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуді көздейді.

"Бүгінгі кездесу – білім беру жүйесі мен нақты экономика арасындағы берік көпір қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Дуалды оқыту, жұмыс берушілердің оқу процесіне қатысуы, өндірістік тәжірибе мен тәлімгерлік – бұл сұранысқа ие, білікті мамандар даярлаудың негізгі тетіктері", — деп атап өтті Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директорының міндетін атқарушы Жеңіс Тайшытаев

Ол сондай-ақ Палатаның ашық диалогқа дайын екенін және оқу орындары мен бизнес арасындағы байланысты нығайту арқылы кәсіби білім беру жүйесін жетілдіруге атсалысуға әзір екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы көрсеткендей, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестік – жай үрдіс емес, стратегиялық қажеттілік. Мұндай ынтымақтастық ел экономикасының тұрақты дамуы мен еңбек нарығының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізіне айналуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер