«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көлік-логистика секторына инвестициялардың қолжетімділігін арттыру үшін қажетті шаралар

2025 жылғы 08 Сәуір
- Астана қаласы
2154 просмотров

Астаналық Кәсіпкерлер палатасында «Көлік және логистика» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолжетімді қаржыландыру мәселесі басты тақырыптардың бірі болды.

Кездесу барысында банк өкілдері мен мемлекеттік қаржы институттары жеңілдетілген несиелеу тетіктері, бағдарламаларға қатысу шарттары және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мүмкіндіктері туралы айтып берді. Алайда кәсіпкерлер саладағы бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған жүйелі проблемаларға назар аударды. Ең өткір мәселелердің бірі – екінші деңгейлі банктердегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер, несиелеу мерзімінің қысқалығы және міндетті түрде кепіл қою талабы. Мұндай талаптар, әсіресе жобаларын енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін, қаржыландыруды іс жүзінде қолжетімсіз етеді. Халықаралық даму банктеріне жүгінген кезде де қосымша қиындықтар туындайды. Мұндай қаржы көздеріне қызығушылық болғанымен, кәсіпкерлер ұзақ уақыт пен ресурстарды қажет ететін аудит процедураларына тап болады. Сонымен қатар, барлық аудит кезеңдері аяқталғаннан кейін де несие беруге өтінімнің мақұлданатынына кепілдік жоқ.

Сондай-ақ шетелдік инвестициялар тарту барысында жеке компаниялар үшін елдік кепілдік енгізу қажеттігі де айтылды. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, мұндай кепілдіктің болуы шетелдік серіктестердің сенімін арттырып, көлік-логистика саласындағы жобаларға сыртқы капитал тарту процесін едәуір жеңілдетер еді.


 

Көлік және логистика жобаларына жеке бизнестің инвестиция салуын ынталандыру үшін неғұрлым жұмсақ әрі икемді шарттар жасау қажет, – деді салалық кеңес төрағасы Қанат Көбесов.

Отырыс бизнес, мемлекеттік құрылымдар және қаржы институттары арасындағы ашық әрі сындарлы диалог алаңына айналды. Кездесу қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, олар тиісті уәкілетті органдарға қарауға жолданатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер