«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«KOSEM-2025» форумы – болашақ көшбасшыларын қалыптастыру алаңы

2025 жылғы 07 Сәуір
- Астана қаласы
557 просмотров

Астанада «KOSEM-2025» көшбасшылар форумы өтті. Бұл ауқымды шара 500-ден астам қатысушыны – 85 білім беру ұйымының оқушылары мен екі колледждің студенттерін біріктірді. Бір алаңда жас көшбасшылар, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен студенттік ұйымдардың мүшелері бас қосты. Форум жастар алдында тұрған заманауи сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерді талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Форумның негізгі тақырыптары көшбасшылық, ESG, тұрақты даму және волонтерлік болды. Әсіресе, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өзекті болып отырған саналы кәсіби таңдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Форумда Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Исабекова мазмұнды баяндама жасап, жастар арасындағы кәсіби бағдар жұмысының маңыздылығын атап өтті және нәтижелерімен бөлісті.

2024 жылы кәсіби бағдар жұмысы аясында Палата мен «Қалалық туризмді дамыту орталығы» ЗТБ елорда кәсіпорындарына кәсіби бағдарлық экскурсиялар ұйымдастырды. 12 мыңнан астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері Астана қаласының 50-ге жуық кәсіпорнында болды, – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Исабекова.

Кәсіпорындарға жасалатын экскурсиялар оқушыларға нақты еңбек жағдайларын көріп, заманауи кәсіптермен танысуға және еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар туралы түсінік алуға мүмкіндік береді. Мұндай формат жастарға өз болашағы туралы саналы әрі негізделген шешім қабылдауға көмектеседі. Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жастарға ақпарат пен тәжірибе алуға жағдай жасап, болашақ кадрлық әлеуетті қалыптастыру ісіне белсенді атсалысып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер