«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтар жылы: ҰКП логистика Комитеті теңіз өнеркәсібіне кадрлар тарту мәселесін талқылады

2025 жылғы 10 Ақпан
1001 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында биылғы жылғы Логистика және тасымалдау Комитетінің бірінші отырысы өтті. Онда 2024 жылға арналған жұмыс қорытындылары шығарылып, Комитеттің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Комитет қызметінің негізгі бағыттарының қатарында автомобиль және теміржол көлігі саласында қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ, отандық тасымалдаушылардың ішкі және халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған заңнамалық бастамаларды дайындау жатады. Отырыс барысында әуежай саласындағы бағаны реттеу мәселелері, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті арнайы техника мен жабдықтарды жаңартуға жеңілдікті несие беру бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету ұсынысы талқыланды.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында теңіз саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылуда. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Амрин Каспий теңізінде түлектердің жұмыс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар шетелге кадрлардың кетуіне байланысты қазақстандық кемелердің экипаждарын Қазақстан Республикасы азаматтарының есебінен толық қамтамасыз ету әлі де қиын екенін атап өтті. Осыған байланысты теңіз кемелері мен ішкі су көлігінің кіші офицерлерін даярлауды кеңейту, сондай-ақ, білім беру гранттарының көлемін арттыру ұсынылды.

«Біз білім сапасын арттыру қажеттігін мойындаймыз. Еңбек министрлігі отандық мамандарды тарту мақсатында жүк тасымалдаушы компанияларды квоталау бастамасын қолдайды. Сонымен қатар, шетелде қазақстандық білім туралы құжаттарды тану және түлектерді жұмысқа орналастыру үшін міндетті квоталар енгізу күтілуде», - деді Теңіз көлігі кәсіпкерлері Қауымдастығы бас директорының орынбасары, Ссу көлігі Кіші комитетінің төрағасы Николай Юдин.

Кездесуде салықтық реттеу мәселелері де талқыланды. Автокөлік тасымалдаушыларының өкілдері әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарында жолаушылар тасымалы кезінде қосылған құн салығы (ҚҚС) қайтарылуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Бұрын қолданыста болған ҚҚС босату көлік паркін 3,5 мың жаңа автобуспен жаңартуға ықпал етті және шығындарды субсидиялау жүйесін құруға мүмкіндік берді. Жиынға қатысушылардың пікірінше, салықты енгізу аймақтар мен шағын қалалардағы көлік қолжетімділігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымалдау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру, бизнес мүдделерін қорғау және саланың тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер