«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

2025 жылғы 07 Ақпан
3002 просмотров

Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы салық реформалары туралы айтып, бизнес-қауымдастықтың пікірін тыңдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін Үкіметтің салық реформаларына қатысты ауқымды бастамаларын талқылаудан бастады. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру туралы ұсынысқа ерекше назар аудара отырып, аталмыш мәселе әлі де талқыланып жатқанын және түпкілікті шешім емес екенін атап өтті.

Сонымен қатар, бизнес – экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші ретіндегі рөліне тоқталды.

«Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономикалық өсу, ғылымды дамыту, жаңа технологиялар мен заманауи инфрақұрылымның басты басымдықтарын белгіледі. Бұл қадамдар қазақстандықтардың өмірін жақсартуға және еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін күшейтуге бағытталуы тиіс.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов салық реформасына қатысты бизнес-қауымдастықтың пікірін білдірді.

«Сіз Үкімет пен Ұлттық палата алдына қойған қарапайым әрі болжамды салық жүйесін бірлесіп қалыптастыру тапсырмаңызды біз толық қолдаймыз. Бұл тек бюджет кірістерінің ғана емес, ең алдымен іскерлік белсенділікті арттырады.

Бүгінде сіздің тапсырмаңызға сәйкес бірлескен жұмыс тобы аясында Үкімет пен ҰКП сарапшыларды тартты. Олар талқылаулар мен есептеулерді жүргізуде», – деді Райымбек Баталов.

Сонымен қатар, Райымбек Баталов Қазақстанның қарқынды экономикалық өсуіне үлкен әлеуеті бар екенін айтты. Палата оны жүзеге асыру үшін бизнес-қоғамдастықтың нақты тәжірибесін біріктіруге дайын екенін атап өтті.

Осы тұрғыда ол инвестиция тартуға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе құруды ұсынды. Бұл экожүйе алты модульден тұрады. Олар микро және шағын бизнесті дамытуға арналған жаңа тәсілдерді, сондай-ақ, орта және ірі бизнесті айқын басым салалар мен кластерлерді анықтай отырып дамыту шараларын қамтиды.

 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы былтырғы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетіп, көмек қолын созған кәсіпкерлерге жылы лебізін білдірді. Ол «Қазақстан халқына» қоры арқылы азаматтарға сапалы ем, білім алуға және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектескенін тілге тиек етті.

Мемлекет өз ісін бастап, өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашып жатқан кәсіпкерлерді әрдайым қолдауға дайын екенін  жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер