«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көлік министрлігінің жаңа Ережесі қазақстандық тасымалдаушыларды «ойыннан» шығаруды көздейді ме?

2024 жылғы 20 Желтоқсан
1518 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстандағы халықаралық көлік нарығын түбегейлі өзгерте алатын Көлік министрлігінің жаңа Ережелері талқыланды.

2025 жылдың 15 қаңтарына жоспарланған Автомобиль көлігінде рұқсат беру жүйесін қолдану ережесін енгізу отандық компаниялар санының толық қысқаруына әкелуі мүмкін. Олар қазірдің өзінде ел аймақтарында жаппай наразылық тудырып жатыр.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Амрин Ұлттық палата қабылданған Ереже нормалары қатаңдатуды көздейтінін және Көлік министрлігі Кәсіпкерлік кодексіне сүйене отырып талдау жүргізуі тиіс екенін бірнеше рет мәлімдегенін жеткізді.

«Жаңа шарттар әлемдегі геосаяси жағдайды, қыс мезгіліндегі тасымалдау жағдайларын, тасымалданатын жүктерге қатысты санкциялық саясатты ескермейді. Бұл жеткізу мерзімдері мен бизнес міндеттемелеріне сөзсіз әсер етеді.  Қазақстанның халықаралық автотасымалдаушылары қазірдің өзінде күрделі қиындықтарды бастан кешіруде. Рұқсаттарды сатудың көлеңкелі нарығы белсенді дамып келеді және қосымша кедергілер біздің тасымалдаушыларымызға қазіргі заманғы қуатты бәсекелестер паркімен бәсекелесуге мүмкіндік бермейді», - деп атап өтті Мұрат Амрин.

Бұл проблемалар мен алдағы жағдайлар отандық бизнестің өмірін одан сайын қиындатады. Осылайша, Көлік министрлігінің жаңашылдығы бойынша қазақстандық компаниялардың көлік парктері қосымша әкімшілік кедергілерге тап болады. Атап айтқанда, тасымалдаушылар компанияға бұрынғы сұраныстардың орнына әрбір көлікке сұраныс жіберуі керек. Егер бұл көлік 30 күнтізбелік күн ішінде елден шықпаса, бұл көлік VIN-кодының негізінде халықаралық тасымалдаудан шығарылады. Одан соң бұл көлікті тіркеу мүмкін болмайды.

Сонымен қатар, шетелдік рұқсаттар нақты көлік құралына байланады, бұл тасымалдаушыларды өз паркін басқарудағы икемділіктен айырады.

Бұдан бөлек, ведомство сұратылған рұқсаттар жиынтығы болған жағдайда, әрбір маршрут үшін рұқсаттар санын шектейді (қосымша тағы екі бланк қосу мүмкіндігі бар 9 бланктен аспауы шарт). Сондай-ақ, жылына алтыға дейін пайдаланылмаған рұқсаттарды беруге рұқсат етіледі. Бұл нормадан асып кету компанияның жаңа құжаттарды алуына тосқауыл қоюға әкеледі. Бұл шектеулер бизнестің операциялық қызметіне едәуір зиянын тигізеді. Айта кету керек, Көлік министрлігінің шешімімен шекараны жабу, кеден органдарының, жүк жөнелтушілердің бастамасымен маршруттың өзгеруі, тұтынушының көліктен бас тартуы және т.б. сияқты форс-мажорлық жағдайлар ескерілмейді.

«Біз көлеңкелі нарыққа қарсы күресте Көлік министрлігінің бастамаларын қолдаймыз, дегенмен, жаңа ережелер нарықтағы нақты жағдайды мүлдем елемейді. Көптеген кәсіпкерлердің кепілінде пәтерлер мен басқа да мүліктер бар. Мұндай жағдайда бизнес зардап шегеді, ал жосықсыз компаниялар жаңа фирмалар ашып, шектеусіз жаңа бланкілерді алуды жалғастыруда. Бұл өзгерістер кәсіпорындардың жаппай жабылуына әкеледі», - деді «ALEM TRANS GROUP»  ЖШС көлік компаниясының директоры Владимир Степчено.

Сала өкілдері атап өткендей, күрделі мәселелердің бірі – халықаралық маршруттардағы рұқсаттарды алу және қайтару мерзімдерінің сәйкес келмеуі болып отыр. Жаңа жобаға сәйкес, Көлік министрлігі 30 күн мерзім белгілеген. «CarNet» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Абсатовтың айтуынша, ҚХР-дан ЕО-ға орта дәлізбен жүктерді (құю батареялары және т.б.) жеткізуді жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылар 30 күнде шығуға үлгермейді: паромға кезек 900 АТС-қа дейін жетеді (20-25 күн күту шарт).

«Біздің мақсатымыз – елдің транзиттік әлеуетін дамыту, бірақ шекарадағы кідірістер, сондай-ақ жаңа талаптары бар бюрократия қытайлық жөнелтушілердің қазақстандық компанияларды жалдаудан бас тартуына ықпал етеді. Оларға шетелдік тасымалдаушылармен жұмыс істеу тиімдірек. Аталмыш Ережені қайта қарау керек», - деді Ақтөбе қаласының кәсіпкері Жалел Жасекенов.

Кездесуге қатысушылар Көлік министрлігінің жаңа нормалары отандық экономиканың дамуына кері әсер тигізіп отырғанын мәлімдеді.

«Біз инвестицияларды белсенді түрде тартып және жылжымалы құрамды жаңартып жатырмыз. Үкімет бізді қайта өңдеу жинағынан және алғашқы тіркеуден босатып, қолдау білдірді. Алайда, Көлік министрлігінің бұйрығында инвестициялық климатты нашарлататын нормалар бар. Көлік тасымалдау процесінен шығарылуы мүмкін деген қауіп те бар. Бұл бизнесті дамытқысы келетіндерге әділетсіз шешім болып отыр. Ережені түбегейлі өзгерту қажет»,- деп атап өтті «VICTORY-TRANS»  ЖШС директоры Қуанышбек Садырбаев.

Сонымен қатар, Қызылорда тасымалдаушыларының атынан кәсіпкер Гүлфия Зангирова көлеңкелі айналыммен күресуге бағытталған шаралар іс жүзінде әкімшілік ауыртпалықты арттырып, адал компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді деп мәлімдеді. Бұл отандық тасымалдаушыны халықаралық жүк тасымалы нарығынан ығыстыруға және кәсіпорындардың жабылуына әкеледі. Нәтижесінде жұмыс орындарының жоғалуы және бюджетке түсетін түсімдердің қысқаруы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, көлік бизнесі мен Ұлттық палата отандық тасымалдаушыларды қолдау үшін шаралар кешенін әзірлеуді ұсынады. Олардың ішінде - шетелдік рұқсаттарды сатудың жолын кесу жөніндегі Жол картасын бекіту, өткен кезеңдердегі бланкілерді тексеру, олардың нарыққа әсерін бағалау үшін рұқсат беру жүйесін қолданудың жаңа ережелерінің әсеріне талдау жүргізу, ҚР КМ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Бұл ретте, бизнес-қауымдастық аталмыш бұйрықтың қолданылуын тоқтата тұру мәселесін қарауды не пилоттық жобада КМ ұсыныстарын іске асыруды талап етеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша Көлік министрлігі бизнес-қауымдастықтың және «Атамекен» ҰКП-ның келесі аптада жіберетін жалпы ұстанымын ескеруге міндеттенді. Осыдан кейін ведомство ҰКП және бизнеспен қосымша консультациялар өткізуге уағдаласты.

Айта кетейік, жаңа Ережедегі басқа да нормалармен сілтеме арқылы танысуға болады. https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2400034722


Еншілес ұйымдар

Серіктестер