«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Көлікте де көп мәселе бар»: ҰКП-да қазақстандық автокөлік саласының жай-күйі талқыланды

2024 жылғы 18 Желтоқсан
3454 просмотров

Автомобиль көлігі жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасында шешуші рөл атқарады. Сәбит Аманбаевтың төрағалығымен ҰКП Төралқасының Логистика және тасымалдау комитеті автомобиль көлігі жөніндегі шағын комитет отырысында сектордың даму мәселелері мен перспективалары талқыланды. Іс-шара мемлекеттік органдар мен көлік бизнесі өкілдерінің қатысуымен өтті.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау мәселесі болды. Негізгі мәселелердің бірі – заманауи қауіпсіздік пен жайлылық стандарттарына сәйкес келмейтін ескірген автопарк. Осыған байланысты, әлеуметтік маңызы бар маршруттардағы тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау және мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, өңірлердегі көлік паркін жаңарту қажеттілігі туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, автомобиль тасымалдаушыларын мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде көлік құралдарын алғаш есепке алу кезіндегі салықтан босату туралы пікір алмасты.

Заңсыз тасымалдаушылар, олардың қызметі көбінесе бақылаудан тыс қалады. Оларды қадағалау және бақылау мәселесі сала үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі дағдарыс жағдайында екенін, ал мұндай нысандардың көпшілігі жойылу алдында тұрғанына тоқталды.  

«Шешілмей жатқан түйіндер әлі де баршылық. Мәселені шешу үшін тұрақты емес тасымалдауға қатысты нақты заңнамалық нормаларды әзірлеу қажет. Мұндай тасымалдау ережелерін айқындау және көлік құралдары үшін арнайы тұрақ орындарын белгілеу маңызды», - деді М. Амрин.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, халықаралық автомобиль жүктерін тасымалдауда да бірқатар күрделі мәселелер бар.

«Олардың бірі – ескірген автопарк, бұл отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді. Халықаралық тасымалдау паркінің 60%-ға жуығы 10 жылдан асқан, бұл шұғыл жаңартуды талап етеді», - деп атап өтті «KAZLOGISTICS ҚКТО» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко.

Рұқсат беру бланкілерінің тапшылығына байланысты қазақстандық тасымалдаушылар халықаралық нарықта өзінің барлық әлеуетін іске асыра алмауымен күрделене түсуде. Мәселені шешу үшін рұқсат алмасу квоталарын ұлғайту үшін шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу қажет.

Отырыс барысында көлік саласындағы жосықсыз бәсекелестікке қатысты мәселелер талқыланды. Көлік секторының өкілдері атап өткендей, Қазақстанда тіркелген ресейлік және беларусьтік тасымалдаушылар өз жүргізушілері үшін ұзақ мерзімді визалар алудың арқасында жиі тиімді жағдайда болады. «Бұл шетелдік компаниялар үшін артықшылық туғызып әрі біздің тасымалдаушылардың жұмысын қиындатуда», - деп атап өтті Шағын комитеттің тең төрағасы – «ҚР халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы» ЗТБ президенті Мақсат Сақтағанов. Осыған байланысты қазақстандық жүргізушілердің Шенген жылдық визасын алу қажеттілігіне назар аудару ұсынылды, бұл өз кезегінде олардың нарықтағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Экостандартқа қатысты мәселе де өзекті болып табылады. Қазақстан аумағында Еуро-5 экологиялық санатына сәйкестігі туралы мәлімдемелерге қарамастан, іс жүзінде неғұрлым төмен стандарттарға сәйкес келетін көлік құралдарын әкелу жалғасуда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мұндай көлік құралдарының елімізге келуіне жол бермеу үшін экостандарттың сақталуына бақылауды күшейту маңызды екенін атап өтті.

Талқылау барысында отандық тасымалдаушылар үшін қаржылық жағдайларды жақсарту бойынша ұсыныстар жеткізілді. Отандық өндірістегі жеңіл автомобильдерді сатып алу түрі бойынша жеңілдікті кредиттеу бағдарламасын әзірлеу керектігі қозғалды. Жиын соңында Шағын комитеттің 2025 жылға арналған жұмыс бағыты бекітіліп, автопаркті жаңарту және жолаушылар мен жүк тасымалы үшін жағдай жасау туралы айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер