«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Техникалық қадағалау институтын жоюға ниетті

2024 жылғы 01 Сәуір
3122 просмотров

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 18 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізді. Шара барысында вице-министр Тимур Қарағойшин Қазақстанның республикалық жобалаушылар одағының жобалау ұйымының басшылығымен техникалық және авторлық қадағалауды біріктіру туралы бастамасын қолдады.

Осы ұсыныс, сондай-ақ ведомствоның қолдауы құрылыс саласындағы бизнес-қоғамдастық арасында резонанс тудырды. Кәсіпкерлер бұл бастамаға қарсылығын білдірді.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрайымы Ирина Манжанованың айтуынша, бұл ұсыныс Палатада аккредиттелген құрылыс саласындағы салалық қауымдастықтар және одақтар арасында талқыланбаған.

 Спикердің айтуынша, Республикалық жобалаушылар одағы жоғарыда аталған Комитетке мүше болса да уәкілетті органға жіберілген ұсыныстарды Комитеттің қарауына шығармады және комитет мүшелерінің мақұлдауын алмады.

 «Бұл ұсыныстар – бүкіл нарықтың емес, бір ғана қауымдастықтың пікірі. ҰКП жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне Қазақстандағы республикалық мәртебесі бар 16 қауымдастық және одақтар кіреді. Бұл қауымдастықтар аталған ұсыныстпен үзілді-кесілді қарсы», - деді Ирина Манжанова.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Назира Үсенованың пікірінше, уәкілетті орган бір қауымдастықтың ғана пікіріне сүйенбей, «Атамекен» ҰКП-ға тиісті сұрау салуды жолдау арқылы бизнес-қоғамдастықтың шоғырландырылған позициясын тыңдауы тиіс. Өйткені бизнестің бастамаларының барлығы осындай тәртіппен қаралады. Бұл жағдайда Өнеркәсіп министрлігі жоғарыда аталған бастаманы барлық мүдделі тараппен кеңінен талқыламай, оны қолдап жатқанын хабарлады.

«БАҚ көздерінде министрліктің Қазақстан жобалаушылары одағының ұсыныстарын қолдағаны туралы ақпарат шыққан бойда бізге басқа салалық қауымдастықтар мен одақтар, құрылысты техникалық қадағалау бойынша қызметтер көрсететін ұйымдардан аталған ұсыныстармен келіспейтінін және осы бастаманы іске асыруға жол бермеуге жәрдемдесу туралы өтініштер келіп түсе бастады» – деді  Назира Үсенова.

Сала сарапшыларының көбі Техникалық қадағалау институтын жою объектілерді салу процесіне кері әсер береді деген ойда.

Олардың пікірінше, жобалау ұйымының басшылығымен техникалық және авторлық қадағалауды біріктіру құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын түсіріп, тиісінше бақылауды төмендетуге алып келеді.

«Қазақстан Республикасы жобалаушыларының ұлттық қауымдастығы авторлық және техникалық қадағалау қызметтерін біріктіру бойынша ұсынылған шараларды қолдамайды. Бұл қадағалаулардың түрлі функциясы, өкілеттіктері мен құзыреті бар. Авторлық қадағалау бекітілген жобаға сәйкес объектінің құрылысын іске асыруға, салынған архитектуралық және технологиялық жоспарларды іске асыруға жауап береді. Ал техникалық қадағалау құрылыс процесінің өзін, оның техникалық құрамдас бөлігін, құрылыс технологияларының сақталуын, құрылыс-монтаждау жұмыстары, конструкциялар мен қолданылатын материалдардың сапасын бақылайды. Қадағалаудың екі түрі де құрылыс нысандарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін маңызды», – деп санайды ҚР Ұлттық жобалаушылар қауымдастығының президенті Мейірбек Жаманқұлов.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындайтын мердігерлік ұйымдар өкілдерінің пікірінше, іс жүзінде жобаны іске асыру барысында жобалау-сметалық құжаттамада қателер немесе жобада ескерілмеген өзге де олқылықтар жиі кездеседі. Сонымен қатар, сирек жағдайларда жоба авторлары осы қателер мен олқылықтарды өзі анықтайды және жобалау-сметалық құжаттаманы түзетудің бастамашысы болады. Өйткені оларды түзетуге өздері жауапты болуы керек. Әдетте, жобалау ұйымдары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болуына сілтеме жасайды. Осыған байланысты техникалық қадағалаудың авторлықтан тәуелсіздігі маңызды рөл атқарады. Өйткені бұл объектідегі бұзушылықтарды техникалық қадағалау анықтайды.  

 «Ток етерін айтқанда, мақсат «ертең» компания ашу. Ол компания «қалта толтыратын техникалық бақылау» болады. Іс жүзінде авторлық қадағалаудың жетекшілігіндегі жұмыстарды техникалық қоадағалау бойынша қол астындағы «қалта толтыратын» компания орындайтын болады. Мүндай компания әрине жобадағы олқылықтарды жасырып, орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға мәжбүр болады. Бұл жайт тиісінше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және осы процестердің барлығы құрылыс сапасының төмендеуіне әсер етеді», – деп санайды Қазақстан құрылысшылар одағы төралқа төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаев.

 Спикердің пікірінше, қазіргі техникалық қадағалау Тапсырыс берушіні мердігер тарапынан болатын барлық мүмкін бұзушылықтан қорғап отыр. Жобалаушы да Тапсырыс беруші алдында мердігер саналады. Сондықтан қадағалау функцияларын орындауда өзін-өзі бақылау алмайды.

 Нарық өкілдері Өнеркәсіп министрлігінің техникалық және авторлық қадағалау институттарын біріктіру қажеттігі, олардың қызметі  қайталанатыны және сыбайлас жемқорлық салдарына әкелетіні туралы дәйектері шындыққа жанаспайды деп санайды. Өйткені олардың функциялары мен жауапкершілігі нақты бөлінген және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнама және нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

 «Менің пікірімше, құылыс алаңында артық ұйым деп авторлық қадағалауды айтуға болады. Өйткені жобалаушы жобалық құжаттаманы әзірледі. Құжаттама мемлекеттік сараптаманың тексеруінен өтті. Әрі қарай техникалық қадағалау жобалық шешімдердің іске асырылуын бақылап отыруы керек. Қажет болған жағдайда зертханалық сынақ жүргізеді. Еегер құрылыс жобаны өзгертусіз жүрсе, онда жобалаушыға құрылыс алаңында болуға қажеттілік жоқ. Ал керек болып қалса, жобалаушы тартылады. Авторлық қадағалаудың қызметі – форма, ал технкаилық бақылаудың қызметі – құрам.

Жобалаушы үшін объектінің жобалық жағдайы маңызды және оған қалай қол жеткізілді, қандай технологиялық операциялар және қалай орындалды – мұны тек техникалық қадағалау қадағалай алады. Яғни, техникалық қадағалау авторлық қадағалау функцияларын орындай алады, ал авторлық қадағалау техникалық қадағалауды алмастыра алмайды. Өйткені, бүгінде жобалаушылар жұмыс өндірісінің жобасын әзірлемейді», – деп атап өтті «Қазақстан Республикасының индустриялық құрылыс технологиялары» қауымдастығының президенті Қанапия Нұрбатыров.

Сарапшылар техникалық қадағалау қызметі жобалау ұйымының басқаруына ауысқан жағдайда, көлемі жоғары және нақты орындалуына сәйкес келмейтін сметаға сәйкес мердігер нысандарына бақылаусыз қол қою ықтималдығы жоғары болатынына сенімді.

Тәуелсіз техникалық қадағалау қызметі жобалық ұйым мен мердігер арасында жобада белгіленген жұмыстардың шамадан тыс, орындалмаған көлеміне қол қою бойынша тепе-теңдікті орнатуға және сөз байласуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен іске асырылатын құрылыс жобаларын іске асыру кезінде құрылыс сапасына және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығына әсер етумен қатар, Қазақстан жобалаушыларының республикалық одағының бастамасын іске асыру техникалық қадағалау институтын таратуға, демек, осы саладағы 25 мыңнан астам бизнес субъектіні жұмыссыз қалдыруға алып келеді.

Нарық субъектілері уәкілетті орган өз шешімін қайта қарап, барлық мүдделі тараптардың пікірін және оны іске асырған жағдайда ықтимал теріс салдарларды ескере отырып, осы бастамаға жан-жақты талдау жүргізеді деп үміттенеді.

Бұдан басқа, уәкілетті орган ұсынған бастаманы енгізген жағдайда кәсіпкерлік субъектілері үшін бизнесті жүргізуді қатаңдату тәуекелдері туындауы мүмкінү Бл өз кезегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін жүргізуді талап етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер