«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен ШҰАА шекара маңы туризмін дамытуда ынтымақтасып жатыр

2024 жылғы 01 Наурыз
7821 просмотров

Іс-шараның негізгі бастамашысы – «Атамекен» ҰКП. Қазақстандық делегация құрамында ҚР Туризм және спорт министрлігінің, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және бизнес-қоғамдастық өкілдері болды. Олар Үрімші қаласында өткен  ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Қазақстан Республикасының шекаралас өңірлерінің форумына қатысты.

Форумға Қазақстан Республикасы мен ҚХР ШҰАА туристік компанияларының 100-ден астам өкілі қатысты. Бірқатар ресми кездесу ұйымдастырылды. Негізгі іс-шаралардың қатарына шекара маңы туризмін дамыту форумы және B2B форматындағы бизнес-сессиялар кіреді.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының туристік агенттіктер қауымдастығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат туризм және инвестиция саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге және екі ел кәсіпкерлерінің одан әрі жүйелі жұмысына бағытталатын болады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов форумда осы шараның туризм саласында әріптестік қарым-қатынас орнатудың маңызын айтып, көршілес Қытай мен Қазақстан жақсы серіктес екенін атап өтті.

«Біздің Президент Қытаймен саяси, экономикалық және сауда қатынастарын дамытуға зор мән береді. Біз ұзақ мерзімді және тиімді жұмыс істеуге дайынбыз. Шекара маңы туризмін табысты дамыту үшін Қазақстан Республикасының өңірлері мен ҚХР ШҰАА арасындағы неғұрлым белсенді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл қажет», – деді ол.

 Айта кету керек, 2023 жылы Шыңжаңға 265 миллионнан астам турист келді. ШҰАА-ға туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 117%-ға өсті. 2023 жылы Шыңшаңдағы туризмнен түскен табыс 296,7 миллиард юаньды құрады (шамамен 41,78 млрд доллар).

«Бұл тұрғыда Қазақстан мен Қытайдың бірлескен туристік маршруттарын дамытуға баса назар аударылады. Бұл шара туристік топтарды арттыруға көмектеседі. Ол үшін Қазақстан мен Қытай аумақтарында Қазақстан облыстары мен Қытай провинцияларының бірінші басшыларының қатысуымен бірлескен туристік жәрмеңкелер өткізу ұсынылады», – деп атап өтті Ұлттық палата басшысы.

Сондай-ақ шекара маңы туризмін табысты дамыту үшін Қазақстанның облыстары мен ШҰАА арасындағы белсенді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл, қалалар арасында байланыс орнату, бірлескен ақпараттық-имидждік іс-шаралар өткізу және бірлескен форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және т.б. іс-шараларды жиі өткізуге күш салу қажет.

Форумға  қатысушылар мен қонақтарға қазақстандық өңірлердің туристік өнімі ұсынылды. Іскерлік бөлім кезінде туроператорлар жеке кездесуге және келісімшарттарға қол қоюға мүмкіндік алды. Қазақстандық делегация өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгін сауда нысандары, ҚХР Үрімші ШҰАА еркін экономикалық аймағына бару жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер