«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астаналық бизнес нысандардың маңдайшасындағы жазулар алынып жатыр

2023 жылғы 15 Тамыз
- Астана қаласы
10045 просмотров

Елордалық кәсіпкерлер әкімдіктер тарапынан бизнес нысандардың маңдайша жазуын ауыстыру жөніндегі әрекетіне наразы. Кәсіпкерлер әр маңдайша жазу Дизайн кодтың стандартына сәйкес келу қажеттілігін түсінеді. Бірақ сонымен бірге өздерінің заңды құқығы мен мүддесін сақтауды талап етеді.

 Астана қаласының кәсіпкерлер палатасына бір топ кәсіпкер жергілікті әкімдіктерге қатысты шағыммен келді. Олар  жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік ныснадарындағы маңдайша жазуларды ауыстыру туралы талаптарына наразы.   

 Бұл мәселе бүгін Ирак Елекеевтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы барысында қаралды. Жиынға мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қатысты.

 Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Алмас Башибаев кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын жеткізді. Көптеген кәсіпкер бұл маңдайша жазулардың дизайны  «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ және «Астана қаласының тілдерді дамыту және мұрағат  басқармасы» ММ келісіліп, бекітілгенін алға тартты. Енді маңдайшаны өзгерту шаралары ешбір алдын ала хабарламасыз, мерзімін белгілеместен қолға алынып жатыр екен. Кәсіпкерлер қосымша шығынға қалды.

«Кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан ҚР-дың қолданыстағы заңнамасын бұзу фактілерін байқап отыр. Кәсіпкерлік кодекстің талаптары бұзылған. Өйткені бизнеске қатысты іс жүзінде заңсыз тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар. Атап айтқанда, 173-бап лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады; 175-бап жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу лауазымды адамға 20 АЕК (69 000 тг.) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.);  175-1-бап жеке кәсіпкерлік субъектілеріне барып, бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын негізсіз жүргізу», – деді Алмас Башибаев.

 Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсанында Астана қаласының мәслихаты «Бірыңғай дизайн код» қағидаларын бекітті. Пандемия басталғаннан бері қағидаларды орындау кейінге қалдырылды. 2023 жылдың сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астана қаласының әкімі Ж. М. Қасымбекке көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Бұл міндет жаңадан құрылған «Астана-Жарнама» КММ-ге жүктелген. Қазіргі кезде ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайша жазуларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленді.

 «Айта кету керек, бірыңғай дизайн кодтың міндеттерінің бірі – ғимарат қасбеттерінің архитектуралық көркемдік келбетін реттеу мақсатында бірыңғай талаптарды анықтау және енгізу. Яғни қағидалар ұсынымдық сипатта болады. Алайда осы қағидалардың орындалуына жауапты құқық қорғау органдарының әрекеті бизнес субъектілердің құқығы мен заңды мүддесін бұзып отыр», – деді  Алмас Башибаев.

 Бұл шара барлық бизнес түріне қолданды. Мысалы, «Банк центр кредит» АҚ директоры Дина Сейітқазинова 2023 жылдың 8 тамызында Банк Дизайн кодына сәйкес келмейтін бұзушылықтарды жою туралы хабарлама алғанын айтты. Ал хабарламаның өзіне қол қойылмаған және мөр басылмаған. Маңдайша жазуды алып тастау мерзімі 14 тамызға дейін белгіленді.

 «Қазір бір маңдайша жазу алынып тасталды, басқа жұмыстарды тоқтатып қойдық. Барлық инстанцияларға хабарласа бастадық. Өйткені банк – коммерациялық ұйым. Оның үстіне банк жүйе құрушы ұйым. Сәйкесінше, әлеуметтік шиеленіс те туындауы мүмкін. Өйткені клиенттеріміз бізді таппай қалады. Біздің ойымызша, маңдайша жазу жарнама емес, алыстан тануға арналған белгі. Сондықтан мәселеден шығудың екі жолы бар деп санаймын. Біріншісі – барлығын сол қалпы қалдыру. Банк қаланың сәулеттік келбетіне сәйкес келуге қарсы емес, бизнес ретінде бюджетіміз де бар. Алайда маңдайша жазу орта есеппен 4 млн теңге тұрады. Оған дайындық керек, тапсырыс жасап, жөндеу жұмыстарына уақыт қажет. Сондықтан екінші ұсыныс – бизнеске жылдың соңына дейін уақыт берсе, біз маңдайшаларды өзгертуге үлгерер едік», – деді Дина Сейітқазинова.

«Айя» медициналық орталығының өкілі филиалдардың бірінің кіреберісіндегі маңдайша жазу жексенбіде, демалыс күні алынып тасталғанын айтты.

«Ешқандай хабарлама болмады, бізге ешкім келмеді, ештеңе айтпады. Біз дүйсенбіде жұмысқа келсек, жазу жоқ. Жай ғана қауіпсіздік камераларына қарадық. Неге? Себебі неде? Не сәйкес келмеді? Ештеңе түсінбедік», – деді ол.

Фотосалон иесі де «Сарыарқа» ауданы әкімдігінің қызметкерлері тарапынан 1 (бір) күнде маңдайшаны алып тастауды талап еткен дөрекілікті атап өтті, бұл ретте маңдайшаны ауыстыру туралы хабарлама берілген жоқ.

Өңірлік кеңестің мүшесі, Астана қаласының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сания Ирсалиева бұл белгі кәсіпкерлердің жеке меншігі екенін, олардың кейбіреулері оны ресімдеу үшін несие алатынын атап өтті.

«Бүгінгі таңда осы дизайн кодты сақтау бойынша, кәсіпкерлерге қойылатын қандай да бір талаптарды орындау бойынша заңнамалық талаптар белгіленбеген. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардың осы маңдайшаларды алып тастау, оларды жарамсыз күйге келтіру жөніндегі барлық кейінгі іс-әрекет және оларды вандалдық тәсілмен алып тастаған мысалдар көп. Тіпті соттан кейін де өз құқығын қалпына келтіре отырып, кәсіпкер бұдан былай дәл осы маңдайшаларды пайдалана алмайды – мұның бәрі заңсыз», – деп атап өтті «Заманауи бизнес шешімдер орталығы» ЖШС директоры, «Кәсіпкер әйелдер одағы» ҚБ төрағасының орынбасары Гүлмира Шажанбаева.

 Кәсіпкерлерді тыңдап болған соң «Астана-Жарнама» КММ жетекшісі Асылбек Сабырқұлов  мемлекеттік мекеме қызметінің мәні Астана қаласының бірыңғай архитектуралық стилін іске асыру екенін айтты. Осы мақсатқа жету үшін «Астана-Жарнама» аудандық әкімдіктермен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлерге, ғимараттар мен құрылыстарға Астана қаласының бірыңғай сәулеттік келбетіне сәйкестігін көзбен шолып тексеру жүргізеді.

«Зерттеу нәтижесі бойынша кондоминиумды басқару органдары және кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ғимараттар мен жекелеген үй-жайлардың сәулеттік келбетін өзгерту сияқты өз бетінше құрылыс салу – Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы заңның 17-бабы 7-тармағының 1-тармақшасына сәйкес бұзушылықтарға жатады. Маңдайшалар мен басқа жарнамалық элементтерді қасбетке, бұл үшін қарастырылмаған жерлерге орналастыру және ғимараттардың архитектуралық келбетін өз бетінше өзгерту – дұрыс емес. Урбанистика орталығымен бірлесіп, біз маңдайшаларды безендіру бойынша ұсыныстар әзірледік», – деді ол.

 «Астана-Жарнама» КММ өкілі кәсіпкерлердің маңдайша жазу жарнамаға жатпайды деген пікірімен келіспеді. Ол ескі маңдайша жазуларды қиратын-сындырып алынып жатқанына қатысты кәсіпкерлердің шағымын орынды деп санайды, кәсіпкерлердің осы бағыттағы ұсыныстары ескерілетінін айтты.

Жиынды қорытындылай келе, Ирак Елекеев маңдайшаларды ауыстыру бойынша жұмысты жүзеге асыратын кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ бизнеске Дизайн кодқа сәйкес маңдайшаларды келтіруге ақылға қонымды мерзімдер бере отырып, қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес Президент пен әкімнің тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

 «Бизне бұл мәселені жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Жол картасы, алгортим жоқ, қалай не істеу керегі түсініксіз. Маңдайшаны шешіп тастады делік, әрі қарай не істеу керек? Сонымен қатар, заңнаманы бұзудың нақты фактілері бар, сәйкесінше олар бойынша шаралар қабылдаумен қарастырылуы керек. Сондықтан қазір жергілікті атқарушы органдар мен жаңа құрылым – «Астана-жарнама» қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отырғанын жұртшылыққа жеткізу керек», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айтуар Ағыбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер