«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанның бизнес-омбудсмені елордалық кәсіпкерлерді қабылдады

2022 жылғы 08 Желтоқсан
- Астана қаласы
7060 просмотров

Астанада Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов қаланың бизнес-қоғамдастығымен кездесті.

Астана қаласындағы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев пен Палата директоры Бейсен Жолболдиевтің, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар мен прокуратура өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті және кәсіпкерлерді жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Елордалық кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге бизнестің жекелеген түрлерін одан әрі дамыту үшін шешілуі қажет жеке мәселелер туралы да, жүйелі мәселелер туралы да айтып берді.

Мәселен, алғашқылардың бірі болып мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сот актілеріне және жарамсыздық белгілері бар мәмілелер бойынша материалдарды сотқа дейінгі қарау шеңберінде келісу комиссияларының жұмысына қатысты мәселе айтылды. Елордалық Палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшесі, «АудБух» ЖШС басшысы Гүлжан Әбілова ағымдағы жылдың басынан бері 923 кәсіпкер бойынша 88 келісім комиссиясы өткізілгенін айтты. 773 бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыздарды жіберу туралы, 24 бойынша – материалдарды қосымша қарау қажеттілігі туралы, 126 бойынша - бағыттамау туралы шешім қабылданды.

«Осылайша, келісу комиссиялары шеңберінде 99% жағдайда мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздарды сотқа жіберу туралы шешімдер қабылданады. Бұл бизнеске қатты әсер ететін өте зиянды тәжірибе және 2-3 жылдан кейін біз осы тәжірибенің кері әсерін көретін боламыз», - деді Гүлжан Әбілова.

Оның айтуынша, Палата келісім комиссияларын олардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін аудандық филиалдардан алып Астана қаласы бойынша МКД-ға беру туралы мәселені бірнеше рет көтерген, бірақ бұл мәселе әлі де шешілмей тұр.

Мәселеге түсініктеме бере отырып, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Кенжеғазы Есембеков келісу комиссияларының жұмысын аудандық басқармалар деңгейінде сапалы деп санайтынын атап өтті. Бұл ретте ол комиссияларды Департамент деңгейіне беру мәселесін қарауға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бұл мәселе еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мәселесі болып табылатынын айтып өтті.

«Барлық өңірлердегі кәсіпкерлер осы мәселені көтереді. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті де, Жоғарғы Сот та нақты статистика бере алмайды – барлық жерде сандар әртүрлі. Мен Қазынашылық департаментінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде егжей-тегжейлі статистика беруін өтіндім, осы аптада береді деген үміттемін. Сонда бізде ортақ түсінік болады, өйткені бір дерек бойынша республика бойынша мұндай жағдайлардың жалпы саны 1500, ал Астана қаласын алар болсақ, осы қаланың өзінде ғана 1200. Бұл енді қиын жағдай. Бізде республика бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, яғни кәсіпкерлер саны 1,6 млн., оның ішінде ірі бизнес субъектілері – 1229, орта бизнес - 2750. 2200 кәсіпорын бюджетті 90% толықтырады. Егер 1500 талап-арыздың 1200-і Астана қаласы бойынша болса, онда бізде жақын арада орта кәсіпорын мүлде қалмайды», - деді Рустам Жүрсінов.

Ол мұндай тәжірибеге сүйене отырып, мәмілелерді жарамсыз деп тану салықтық әкімшілендіру механизміне айналғанын және олай болмауы керек екенін атап өтті. Бизнес-омбудсмен барлық қатысушыларды бұл мәселені ел Президенті алдында көтеретініне сендірді, өйткені қазіргі уақытта бұл Қазақстан бизнесі үшін бірінші орында тұрған мәселе.

Адвокат Ғалия Құлыбекова шетелдік инвестордың ісі бойынша Бас прокурормен кездесуді ұйымдастыру бөлігінде бизнес-омбудсменнен көмек сұрады. Қаржылық мониторинг агенттігі  (бұрынғы ҚР ҚМ Экономикалық тергеу қызметі) тергеп-тексерген қылмыстық іс шеңберінде оған ҚР ҚК 245-бабының 3-бөлігі бойынша екі эпизод бойынша, атап айтқанда инвестор құрылтайшысы болған екі компания бойынша айып тағылды: «Elite Construction Contract» ЖШС және «Элит Строй Холдинг» ЖШС.

«Бұл іс бойынша көптеген бұзушылықтар бар, процессуалдық бұзушылық та бар және сараптамалар мүлдем еленбейді. Бұған дейін Бас прокурормен кездесу ұйымдастырамыз деп уәде берген болатын. Бірақ осы уақытқа дейін кездесу ұйымдастырылған жоқ және біз кері байланыс ала алмай отырмыз, ал қылмыстық қудалау қызметінің бастығы деңгейінде берілген жауаптар жай ғана бас тарту емес, оларда дұрыс емес мәліметтер бар», – деді адвокат.

Бизнес-омбудсмен кездесуді ұйымдастыруға көмектесуге уәде берді.

«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЗТБ өкілі Майра Байдубекова жекеменшік балабақшалар мәселесін айтты. Ол жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тапсырыс алу конкурсына қатыса алмайтынын атап өтті, өйткені өзгерген талаптарға сәйкес, басқа құжаттармен қатар, конкурстық құжаттаманың құрамында «Медициналық көмек (медициналық қызмет көрсету) көрсету шарты болмаған кезде медициналық қызметке лицензия» болуы тиіс.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі жеке балабақшалардың 40%-на лицензия беруден бас тартқан.

«Жекеменшік балабақшаларда олардың толық жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бар. Алайда оларда Денсаулық сақтау министрлігі талап еткендей медициналық кабинеттің сипаттамасы жоқ. Жаңа санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін 1,5-2 ай уақыт қажет», - деді ол.

Ол медициналық қамтамасыз ету – бұл білім беру ұйымының штатында медицина қызметкерінің болуы, медицина қызметкері болмаған жағдайда емханамен шарт жасасу талап етілетінін атап өтті. Медициналық кабинетке лицензия алу қажет деген талаптың негіздемесі жоқ.

Бұл жағдайда орта есеппен 15-16 мың бала жеке балабақшаларда орынсыз қалуы мүмкін немесе субсидия болмаған жағдайда кәсіпкерлер ай сайынғы төлемді 100-120 мың теңгеге дейін көтеруге мәжбүр болады.

«Біз апта сайын вице-премьер Ерұлан Жамаубаев деңгейінде бизнеске қатысты кедергілер мен артық талаптар бойынша таза парақтан реттеу шеңберінде бизнес мәселелерін талқылаймыз. Мен бұл сұрақты осы алаңға шығарамын.

Сонымен қатар, менің Үкіметке қандай да бір Нормативтік-құқықтық актіні тоқтата тұру туралы түсінік беруге құқығым бар. Мен бұл құқықты жиі қолданбаймын, бірақ мәселені тереңірек зерттеп көрейік, мүмкін мен өзіме берілген құқықты осы жолы қолданармын», – деді Рустам Жүрсінов.

Бизнес-омбудсмен жеке қабылдау өткізген кезде елордалық кәсіпкерлер инклюзивті білім беру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар кәмелетке толған студенттер үшін инватакси қызметтері, ақылы тұрақ құру мәселелерін көтерді. Әр мәселе бойынша Рустам Жүрсінов түсініктеме берді

Жалпы, бизнес-омбудсмен Астана қаласының кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғаудың экожүйесін құру жөніндегі жұмысына оң баға берді.

«2022 жылдың 11 айында елордадағы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау желісі бойынша 185 өтініш келіп түсті, оның 50%-дан астамы оң шешілді, қалғандары қаралуда. 835,7 млн теңге сомаға бизнестің мүліктік құқықтары қорғалды», - деді Палата директоры Бейсен Жолболдиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер