«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Инвестордың 130 млн теңге сомасында мүліктік құқығы қорғалды

2022 жылғы 15 Ақпан
- Астана қаласы
4472 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары камералдық кедендік тексеру барысында жіберілген өрескел бұзушылықтарды анықтады. Соның нәтижесінде инвестор қазынаға 130,6 млн теңгеден астам заңсыз төлемнен босатылды.

Бұл оқиға 2016 жылдың мамырында басталған.  N компаниясы мен ҚР ИИДМ Инвестициялар комитеті арасында жаңа инновациялық технологиялар мен жоғары технологиялық өндірістік процестерді қолдана отырып, газоблок өнімдерін шығаратын зауыт салу үшін 6 млрд теңгеден астам сомаға арнайы инвестициялық келісімшарт жасалады.

 Осы инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестор технологиялық жабдық пен оның жиынтықтауыштарын импорттау кезінде кедендік баж салығынан 5 жыл мерзімге босатылды.

«Алайда, 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті компанияға қатысты камералдық кедендік тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша тауар кодын жіктеу және есепке алу әдісімен ҚҚС төлеу бөлігінде бұзушылықтар анықталған. Соның салдарынан кедендік алымдар, кедендік әкелу баж салығы, импортқа ҚҚС және олар бойынша 130,6 млн теңгеден астам мөлшерде өсімпұлдарды төлеу бойынша берешектің қалыптасуына әкеп соқты. Компания, әрине, оған салынған талаппен келіспеді және ҚР ҚМ апелляциялық комиссиясына шағым түсірді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жеңіс Шажанбаев

 Алайда істі қарау барысында ҚР ҚМ шешімімен әкімшілік актілер өзгеріссіз, ЖШС шағымы қанағаттандырусыз қалды. Әділдікке қол жеткізе алмаған инвестор қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына, сондай-ақ, құқығы мен заңды мүддесін қорғау үшін қалалық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік кірістер департаментінің заңсыз актілерін жою туралы арызбен жүгінді.

 «Палата сарапшылары кәсіпкер ұсынған құжаттар мен қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізді. Соның нәтижесінде Мемлекеттік кірістер департаментінің актілері тексеру жүргізу барысында жіберілген өрескел бұзушылықтармен қабылданғаны анықталған. Сот отырысы барысында палата және компания өкілі Мемлекеттік кірістер комитеті анықтаған бұзушылықтармен келіспеуге қатысты позициясын білдірді.

 Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Мемлекеттік кірістер департаментінің осы актілері күшін жойды. Кәсіпкердің 130,6 млн теңгені құрайтын құқығы толығымен қорғалды», – деп хабарлады Жеңіс Шажанбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер