«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Болат Омаров Өңірлік кеңеске басшы болды

2021 жылғы 19 Қазан
- Астана қаласы
9240 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңесте жаңа басшы.  

Өңірлік кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешімімен бұл қызметке кәсіпкер Болат Омаровтың кандидатурасы бекітілді.

Болат Омаров құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар білікті маман. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй салумен айналысатын компанияны басқарады.

 Болат Омаров Алматы Автожол институтын «Автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша аяқтаған, экономика ғылымдарының кандидаты. ҚР Құрметті құрылысшысы. 2020 жылдан бастап Nur Otan партиясы қалалық филиалы жанындағы экономиканы қолдау және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы. Өңірлік кеңестің құрамына 2020 жылдың тамызында сайлау нәтижесінде кірді.

 «Болат Хайыркешұлының кандидатурасын Өңірлік кеңестің барлық мүшесі бір ауыздан қолдады. Қазір құрылыс саласындағы түткілді мәселелер, соның ішінде коронавирустың таралуын болдырмауға байланысты карантиндік және шектеу шаралары нәтижесінде туындаған мәселелерді ескере отырып, бұл дер кезіндегі тағайындау деп санаймын. Құрылыс саласы – елорда экономикасының драйвері», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов.

Сонымен қатар, Палата басшысы бұған дейін екі жыл бойы осы қызметті атқарған клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов өңірлік кеңестің қызметін құрылымдау бойынша үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Оның төрағалығымен елордалық бизнестің көптеген өзекті мәселелері көтерілді. Ерлан Мельсұлы өңірлік кеңестің мүшесі болып қалады», – деді Алмат Жүнісов.

 Еске салайық, Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП жанындағы Өңірлік кеңес 2013 жылдың 28 қазанында экономиканың кәсіпкерлік секторын шоғырландыру, өсіру және дамыту мақсатында құрылған.  Қазіргі уақытта бақылау органының құрамына елорданың 30 кәсіпкері мүше.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер