Бизнес-идеяларға 43 млн теңге бөлінеді
Нұр-Сұлтанда жыл басынан «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК мөлшерінде 74 грант мақұлданды.
Елорданың кәсіпкерлер палатасында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды бөлу жөніндегі комиссияның пандемия басталғалы бері алғаш рет оффлайн отырысы өтті.
Осы жолы грантқа үміткерлер комиссия алдында сұлулық салоны, клининг компаниясы және ателье ашу бойынша бизнес-жоспарларды қорғады.
«Жыл басынан комиссияның 10 отырысы өтті, онда 145 бизнес-жоспар қаралып, соның ішінде 74 жоба мақұлданды. 200 АЕК көлеміндегі гранттар бағдарламаның екі бағыты бойынша беріледі: біріншісі – Жұмыспен қамту орталықтары арқылы кәсіптік білім бері және қысқа мерзімді оқуды өткен адамдар ала алады, екіншісі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын сәтті аяқтаған адамдар алады. Жыл басынан бірінші бағыт бойынша 19 бизнес-жоспар мақұлданды, екінші бағыт бойынша – 48, 7 жоба оқуға қатыспаған әлеуметтік аз қамтылған санаттағы адамдарға мақұлданды. Қаржыландырылған жобалардың жалпы сомасы 43,1 млн теңге», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев.
Мақұлданған жобалардың басым бөлігі жеңіл өнеркәсібіне қатысты – тігін цехі, ателье, екінші орында – сұлулық салондары, үшінші орында – нан-тоқаш өнімдері мен кондитерлік өнімдер өндірісі.
«Сондай-ақ гранттар жартылай дайын өнімдерді өндіру, қоғамдық тамақтану орындарын (кафе, асхана, фаст-фуд, кейтеринг) ашу, автосервис және ТЖО, дүкен ашу, жиһаз, кәдесый және блокнот жасау, сондай-ақ зергерлік және қыштан өнімдері жасау шеберханалары, спорттық, құрылыс, дизайнерлік қызметтер, кәсіби (психолог, логопед, консалтинг, бухгалтер, заңгер және т.б.) қызметтер, құс шаруашылығы», – деді Бейсен Жолболдиев.
Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директоры Алмат Жүнісовтың хабарлауынша, биыл бағдарлама бойынша 200 АЕК мөлшерінде 400 грант бөлінген. Директор Палатада «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу басталғанын атап өтті. Биыл кәсіпкерлік негіздеріне 1200 адамды оқыту көзделген.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: