«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мектеп оқушыларына бизнес бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылды

2021 жылғы 15 Сәуір
- Астана қаласы
7196 просмотров

Елордалық кәсіпкерлер қала мектептерінде қонақ дәрістерін өткізіп жатыр. Дәрістер барысында олар «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті пәніне қатысатын оқушыларға жұмыс тәжірибелерінен мысал айтып, білгенімен бөлісті.

 «Қонақ дәрістерін мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілгеннен бері үш жыл қатарынан өткізіп келеміз. Елордалық кәсіпкерлер бастамаға үнемі белсенді қатысады, кейбірі жыл сайын қолдау көрсетуде. Біз мұндай қолдауға дән ризамыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов.

 Биыл коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты дәрістер онлайн режимінде өтіп жатыр. Барлығы 20-дан астам дәріс ұйымдастырылады, атап айтқанда: бизнесті масштабтау – нарықтың дамуын болжау; кәсіпкер құықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қолдау институттары; кәсіпкердің жауапкершілігі (экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, экологиялық, этикалық); кәсіпкерлікті дамытудың жолдары мен түрлері, сапаны басқару; эмпатия және клиентке бағдарлану және т.б.

 Алғашқы дәрістерді бизнес-тренер, шетелде оқу мектебінің иесі Арман Ақбердиев, бизнес-тренер, турфирманың негізін қалаушы Арай Успаева,  «Интерконд» инженерлік компаниялар тобының басқарушы серіктесі Александр Деревянко өткізді. Олар мектеп оқушыларына 4P маркетингі және SWOT талдау туралы, туристік бизнесті қалай бастауға болады, бизнесті масштабтау туралы ақпарат берді.

 «Жеке кәсіп, барлық жаңашылдықтар мен ноу-хау – қателіктер мен сынақтар арқылы іске асады. Мұнымен жұмыс істеу керек әрі әлеміміз бәсекеге толы екенін түсіну керек. Мысалға, ІТ саласында алғашқы серпіліс 90-шы жылдардың соңында болды, бірақ 2000-жылдардың басында жобалардан қызығы кетті, содан кейін барлық ІТ мамандары жаңа нәрсе шығаруға тырысты да ІРО-ға ұмтылды.  Қазір екінші серпіліс келе жатыр: биткоин тағысын тағы. Бұл салада бос ниша бар деп айта алмаймын, сондықтан берер кеңесім: ІТ-ді үйреніп, саланы игеру керек», – деді Александр Деревянко.

Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Айнұр Рахметованың ақпараты бойынша 19 мамырға дейін дәрістерді кәсіпкер, Arqalan мектебінің негізін қалаушы Шыңғыс Әлмағамбет, кәсіпкер «BekemAi» мектебінің негізін қалаушы Арман Бекем, кәсіпкер, Нұр-Сұлтан ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі Бағила Бисембаева өткізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер