Елордада жылдық 6%-бен микронесие бөлу басталды
Нұр-Сұлтан қаласында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ микроқаржыландыруды бастады
Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрайды, ал аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасы санатына жататын азаматтарға мөлшерлеме – 4%.
«Микронесие 60 айға беріледі, ал аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасы санатына жататын азаматтарға несие беру мерзімі 78 айды құрайды. Қаржы айналымын толықтыруға арналған несие 36 ай мерзімге беріледі. Жеңілдікпен несие бөлу мәселесі мәслихат сессиясында бірнеше рет көтерілген болатын. Қала бизнесінің мүддесіне өкілдік ете отырып, мен мәслихат депутаты ретінде осы мәселеге қолдау білдірдім, өйткені карантиннен кейінгі кезеңде кәсіпкерлерге қаржыландыру алу басымдыққа ие мәселе», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов.
Спикер жеңілдікпен несие алып, қаржы айналымын толықтыру кәсіпкерлер үшін жақсы демеу екенін атап өтті.
«Несие беру шарттарына сәйкес кәсіпті енді қолға алған (3 жылға дейін) кәсіпкерлер «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға қатысып, сәйкес сертификатты алуы керек. Өткен жылы Кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша – 1500 тыңдаушыны және «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша 1234 адамды оқытты. Осы лек аталған бағдарлама бойынша несие ала алады. Соңғы екі жыл ішінде оқу жобалардың қатысушыларының бір бөлігі мемлекеттік грант алып, бизнестерін кеңейте алды. Оларға жаңа мүмкіндік те қызықты болады деп ойлаймын», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев.
Несие алуға тапсырылатын құжаттар тізімін мына сілтемеден жүктеп алуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: