Кәсіпорындар өндіріске қажет мамандарды өздері дайындайды
Өткен жылы елордада кәсіпорындар жанынан 65 оқу орталығы ашылған болатын. Олар 84 мамандық бойынша даярлау және қайта даярлау курстарын жүргізеді.
2020 жылдың 7 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі жанындағы оқу орталығында «Welcome» ашық есік күнін ұйымдастырды.
Іс-шара барысында аспаз, кондитер, даяшы және тігінші кәсіптерін насихаттау мақсатында әр түрлі тағамдарды дайындау, дастархан жаю, тігу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
«Оқу орталығымызда 2019 жылы 160-тан астам тыңдаушы қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтті. Жалпы тыңдаушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық база, білім беретін білікті, тәжірибелі оқытушылар барлығы қазіргі заман талабына сай келеді. Сонымен қатар ең басты мақсат жұмысқа орналастыру мәселесін шешуде сенімді әлеуметтік серіктестермен келісімшарттар жасалған. Бүгінгі таңда бітірушілердің 60%-қа жуығы жұмысқа тұрғызылды, – деді өз сөзінде оқу орнының басшысы Зәуре Қылышбаева.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүргізіледі. Бүгінгі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП-ны оқу орталықтары тізіліміне Нұр-Сұлтан қаласының 77 оқу орталығы енгізілген болатын, оның 12-сі 2018 жылы, 2019 жылы тағы 65 орталық ашылды. Елордада оқу орталықтарын ашу нәтижесінде сұранысқа ие мамандықтар саны 17-ден 84-ке дейін артты. Олардың қатарында сату менеджері, тігінші, аспаз, шаштараз, маникюр шебері, визаж мамандары, SMM менеджер, тәрбиеші, жылжымайтын мүлік агенті, есепші және басқалар бар.
«2019 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 28 оқу орталығында жүргізілді, оның ішінде 17 кәсіпорын жанында, 5 колледж жанында, біреуі қауымдастық жанында және 5 дербес оқыту орталығы, – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Айболат Есентеміров.
Өз кезегінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қалай жазылуға болады және жастар тәжірибесі жайлы сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Азамат Байтасов жауап берді. Оқу орнының әлеуметтік серіктестері «Балжидек» ЖШС, «Магнум» Кеш энд Керри» супермаркеттер желісінің өкілдері де, әлеуметтік серіктестік нәтижесінде, қажетті мамандарды жұмысқа қабылдап, бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқандығына тоқталды. Ал оқу орталығының түлегі осында алған білімін жұмыс барысында тәжірибемен ұштастырып жүргенін жеткізді.
Кәсіптік оқуға жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатыса алады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту – бұл тек жаңа мамандық алу ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмысқа орналасу мүмкіндігі. Айнұр Рахметова, Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы
Пікір қалдыру:
Пікірлер: