«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкер туған жерін көркейтуді қолға алды

2018 жылғы 04 Маусым
- Ақтөбе облысы
7626 просмотров

«5 мың ауылға ­– 5 мың қамқоршы». Қобдада Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі төрағасы, демеуші Исламбек Салжановтың қолдауымен ашылған балбақша биыл төртінші рет балаларды мектепке шығарып салды. Балақайлардың алғашқы жетістігімен «Атамекен» өкілдері, аудан басшылары мен демеушілер құттықтады.

«Нұрлы болашақ» балабақшасы 5 жыл бұрын «Алтын қыран» компаниялар тобының қаржысына салынған. Компания басшысы – Исламбек Салжанов.

Балабақша  «Алтын қыран» компаниясына қарасты қор қаражатына  салынып, бүгінге дейін көмек көрсетіледі. Құрылыс жұмысына және жабдықтауға 450 млн теңге жұмсалған.

«Қобда ауданында мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысу мәселесі шешілген. Мұнда бизнесмен, Өңірлік кеңестің төрағасы Исламбек Салжановтың үлесі көп. Балаларға берілетін тәрбие мен білім сапасы да жақсы», ­- дейді «Атамекен» ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамиля Құнанова.

Екі қабатты ғимарат балалар үшін жайлы. Барлық жиһаз, ойыншық, ыдыс-аяқ талаптарға сай, сапасы жоғары. Балабақшада қажетті медициналық, физиотерапиялық кабинеттер, асүй, кір жуатын орын, үтіктеу бөлмесі жабдықталған.

Ерекше атап өтетін жайт – «Даналық әліппесі» деп аталатын инновациялық-зияткерлік жабдық қойылған. Музыкалық бөлмелерде интерактивті тақталар қойылып, интернет желісіне де қосылған. Бұл Астана қаласындағы Инновациялық зияткерлік білім беру академиясы және әлемнің озық зерттеу орталықтарымен бірлескен зерттеме жұмыстарының нәтижесі.

Демеушілер балабақша мамандарын арнайы іріктеуден өткізген. Білікті де білімді 23 қызметкер бар. Экология және инженерия ғылымдары академиясының шешімімен балабақша меңгерушісі Жұмазия Ертілеуова «Білім беру ісінің үздігі» медалімен марапатталған.

Бизнесмен Исламбек Салжановтың бұжан да басқа өнегелі ісі көп. «Алтын қыран» компаниялар тобы 20 жылдан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.

Соңғы 2-3 жылда меценат Қобда өңірінің көркеюіне айтарлықтай үлес қосты. Қаракемер ауылында 7 млн теңге тұратын 2 су құбырын орнатып, ауыз сумен қамтамасыз етті, аудан орталығындағы гимназияның сорпттық жабдықтары сатып алынды. Жарсай ауылында спортзал салу жоспарланған. Сонымен қатар бизнесмен үздік оқушылар, жетім балалар мен көп балалы отбасынан шыққандардың елордаға сапар жасауына көмектесіп, жыл сайын қаржы бөледі.

Өңірдегі басқа ауылдарға да демеушілік көрсетіп келеді. Тоғыз ауылында мектеп құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға 10 млн теңге бөлді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында «Аналарға тағзым» музей-үйін салуға да қолдау білдірді. Тарихи-өлкетану музейінің салынуына 645 млн теңге инвестиция құйды. Бұл музейде 9 экспозициялық зал жұмыс істейді, заманауи технология қолданылады.

Күні кеше ғана «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Ақтөбеге жасаған сапарында «Атамекенім» акциясы аясында «5 мың ауылға – 5 мың қамқоршы» жаңа жобасының басталғанын атап өтті. Әрбір кәсіпкерді ауылды көркейтуге шақырды. Кәсіпкер Исламбек Салжановтың есімін баршаға өнеге ретінде атап, туған жерге сіңірген елеулі еңбегін жұртшылыққа паш етті.

Бұл туған жерге деген ықылас пен игі ниеттің айқын көрінісі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер