«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әлеуметтік сауықтыру – маңызды тапсырма

2017 жылғы 21 Тамыз
- Астана қаласы
5931 просмотров

Жазасын өтеп шыққан азаматтардың жеке кәсіп ашуы үшін қалай көмектесуге болады?

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы алаңында «Ақталушылық технологиялар мен тұжырымдамалар» қоғамдық қоры ұйымдастырған іс-шарада бұрын сотталған азаматтардың мәселесі талқыланды.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бұл бағытта жұмыс істеп жатқандығына назар аударды. Жыл бойы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп және кәсіпкерлердің қатысуымен шығарылатын өнімді алу бойынша тиімді келісімдер жасау мүмкіндігі үшін ашық есік күндері өткізілді.

«Бизнес-жаттықтырушы ЕЦ-166/10 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың жеке-еңбек қызметін ұйымдастыру мақсатында бизнес ашу мен жүргізу туралы тегін дәрістер өткізді. Медициналық-техникалық колледж сотталған азаматтар, яғни Астана қаласы Қылмыстық-атқару департаментінің бөлімшелерінде жазасын өтеп жатқандарға стоматологиялық қызметті тегін көсретті», – деп хабарлады Бауыржан Бейсенов.

Мұнымен қоса Палата қызметкерлері мекеме аралық жұмыс тобының құрамында бар. Бұл Жұмыс тобы Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына қатысты мәселелерді қарайды.

Қоғамдық қордың басшысы Орынбасар Құлжабаева босап шыққан азаматтардың арасында небір талантты жандардың бар екенін, оларға тиісті көмек пен қолдаудың қажеттігін атап өтті. Мысал ретінде жеке кәсібін ашып, сәтті жұмыс бастағандарға тоқталып өтті. Мұндай азаматтар жеке кәсібін ашып қана қоймай, бұрын сотталған азаматтарға жұмыс орнын ұсынып отыр.

«Астана қаласы Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мемлекеттік тапсырысына орай қор «Кәсіпкерлік қызметті дамыту мен жұмыс орнын құру бойынша қызметті кеңейту» жобасын жүзеге асырылып келеді. Мұның аясында құқықтық кеңес, психологиялық көмек көрсетіліп, сотталып шыққан азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдем беріледі. Басты мақсат – сотталып шыққан азаматтар үшін жаңа жұмыс орнын ашу мақсатында кәсіпкерлікті дамыту», – деп атап өтті Орынбасар Құлжабаева.

Әділет майоры Бибігүл Мұңайтпасова мекемелерде жұмысқа орналастыру жағдайын жасау туралы ой бөліссе, Астана қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Гүлмадина Аханова жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігі туралы баяндады. Түзеу мекемелерінен дүкен немесе басқа да бизнес түрін ашуды қалаған кәсіпкерлер үшін жалға алу орнын нөлдік мөлшерлемеде бекітілгенін айтты.

Қоғамдық қор Кәсіпкерлер палатасының сарапшы маманы Жанар Төребекова мен кеңес берушісі Абзал Әбдікерімовке белсенді ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер