«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іскер әйелдерге арналған шеберлік сабақ

2017 жылғы 12 Мамыр
- Астана қаласы
6024 просмотров

Танымал бизнес-тренер Медер Аматов мимика, ымдау психологиясы жайында семинар өткізді  

Астана қаласы Іскер әйелдер кеңесі  бастамасымен «Ымдау іс-қимылдары писхологиясы» атты тегін шеберлік сабағы өткізілді. Семинарды халықаралық дәрежедегі бизнес-тренер Медер Аматов өткізді.

 Екі сағат бойыны созылған семинарда тренер кәсіпкер әйелдерге сұхбаттасушының шын не өтірік айтып отырғанын айыра білу, тиімді келіссөздер жүргізу, сонымен қатар бизнес серіктестердің сізден не қалап тұрғанын, сұранысын анықтау бойынша бірқатар кеңестер берді.

 Шеберлік сабағы Қазақ гуманитарлық заң университеті қабырғасында Астана қаласы  Іскер әйелдер кеңесі атындағы дәрісханада өтті. Шараны Астана қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева ашып, Кеңестің бизнес жолына жаңадан түскен кәсіпкерлер әйелдерге қолдау көрсетіп, ел экономикасындағы әйелдер үлесін арттыруға атсалысып жатқанын айтып берді.

 «Іскер әйелдер кеңесі құрылғанда біз алдымен білім алуға күш саламыз деп шештік. Өйткені Қазақстанда әлеуеті жоғары, белсенді қыз-келіншектер өте көп, әсіресе Елордада. Алайда көбімізге бизнесте қажетті білім мен машық жетіспейтіні анық. Оның үстіне бизнес үнемі жетілуді талап ететін үздіксіз үдеріс. Қазақ гуманитарлық заң университетімен орнаған ынтымақтастық арқылы біз Іскер әйелдер кеңесінің арнайы дәрісханасын ашып, осында түрлі пайдалы семинарлар мен шеберлік сағаттарын өткізіп келеміз», – деді Бағила Бисембаева.

 

Аталмыш шеберлік сабағы қызу әрі қызықты өтті. Шараға келген әр ханым тәжірибе жүзінде жаттығуларға қатысып, өзінің мүмкіндіктерін шындап көрді. Сұхбаттасушының мимикасы қандай мағына береді, өтірікші қандай іс-қимыл жасайды, адамның пиғылын көз жанарына қарап ұғу сынды машықтар үйретілді. Медер Аматовтың айтуынша өзінің семинарларында әдетте қыз-келіншектердің үлесі жоғары екен.

  «Бизнес ханымдар өте белсенді, көрсем, үйренсем дейтін ынталары жоғары. Түрлі семинарларға ер-азаматтардан гөрі, іскер әйелдер көп шақырады. Ерлер әдетте өзінің білімі мен біліктілігіне сенімді, басқаларға да ақыл айтады, ал әйел әрқашан кеңес, білім алуға құштар», – деді спикер. 

 Әйелдер көбінде қандай ақпарат алуға асық деген сауалға Медер Аматов бизнес ханымдар өздері айналысып отырған іс бойынша барлығын білгісі келетінін, әрі кәсіби тұрғыдан білік жинауға дайын екендерін алға тартты.

«Әйелдер сандарға күмәнмен қарайды. Ал мен қаржылық жоспарлауда білімім бар. Біз бірге санап, жоспарлауға үйренеміз, ханымдар барлығы дұрыс орындалғанына көз жеткізіп барып қана тынады. Алған ақпарат пен білімге жауаппен қарайды», – деді ол.   

Fashion Park компаниясының иесі Әлия Әбдибаитова алған білімді өзінің қызметкерлерінің біліктілігін арттыруда қолданатыны айтты. 

«Бүгін шеберлік сабақ өте қызықты өтті, кәсібіміз бойынша көп келіссөздер жүргіземіз, алған ақпаратымыз кәдеге асатын болады. Білім алу қашанда пайдалы», - деді іскер әйел. 

 Семинар аяғында  Медер Аматов тағы бір пайдалы кеңес берді: 

«Әрдайым өзіңізге ғана сеніңіз, қазір қоғамда өтірікшілер мен айлакерлер көп, олардың мақсаты сіздің қаржыңызды жымқұру, алдау, тақырға отырғызып кету. Бұл санатқа маркетологтар, жарнамашыларды да жатқызуға болады. Егер кәсіпкер ақылды болса, білім іздесе, кезкелген жарнама мен сату жолдарын өзі-ақ табады. Сондықтан ақпарат жинап, білім алуға асық болыңыздар».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер