Жыл аяғына дейін 200 нысанға электр энергиясы беріледі
Елордалық энергетиктер инвестициялық бағдарламаның іске асу барысы туралы айтты
Астанада «Астана-Энергия» АҚ нысандарына баспасөз саяхаты жасалды. Оған Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары қатысты. Шара барысында елорданың электр-энергетикалық нысандарын жаңғырту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың аралық қорытындысы жарияланды.
2014-2016 жылдарға бекітілген ауқымды бағдарламалар «Астана-Энергия» АҚ-ның электр энергетикалық нысандарын қайта құрылымдауға, жаңғыртуға және жаңартуға, сондай-ақ тұтынушыларды тарифтерден алынатын қаржының мақсатты жұмсалуы туралы ақпараттандыруға бағытталған.
Орта мерзімді кезеңге есептелген инвестициялық бағдарламаның сомасы – 2 млрд 192 млн теңге. Мамандардың айтуынша, осыған дейін ескірген құрал-жабдықтарды ауыстыру, жылу энергиясын өндіруді арттыру мен сенімділікті қамтамасыз ету үшін бірқатар басым міндеттер кезең-кезеңімен орындалған.
«2016 жылдың 1 қыркүйекке дейінгі 8 айының ішінде 31 шарадан 756 509 000 теңге сомасына 31 шарт жасалды. Сомасы 395 153 000 теңге болатын 14 шара толығымен орындалды», – деп мәлімдеді «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олег Уткин.
Жоспарлы жұмыс нәтижесінде шығындар оңтайландырылып, бұл жайт тарифтік сметаға салынған қаражаттың пайдаланылмай қалған бөлігін жылу энегиясын өндіру бойынша көрсетілетін қызметтерге, қосымша инвестициялық шараларды орындауға бағыттауға мүмкіндік тудырған.
Баспасөз саяхаты барысында елорданың өсуі мен дамуына қарай жаңа нысандар саны артатыны әңгімеленді. Мәселен, 2016 жылдың соңына дейін 200-дей нысанға жылу және электр энергиясын қосу жоспарлануда. Олар «ЭКСПО», «Абу-Даби Плаза», Астананың жаңа теміржол вокзалы және бірқатар көппәтерлі тұрғын үй нысандары сынды әлеуметтік маңызды нысандар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: