«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Еңбек адамына құрмет

2016 жылғы 21 Қыркүйек
- Астана қаласы
7468 просмотров

Осы аптада Астана қаласында елорданың еңбек озаттарына құрмет көрсетіледі

Еңбек күнін мерекелеуге арналған қалалық форум барысында «Еңбек жолы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталады.

Дәстүрге сай жеңімпаздар «Үздік еңбеккерлер әулеті», «Өндірістің үздік жас еңбеккері» және «Еңбеккер жастардың үздік тәлімгері» деген үш аталым бойынша анықталады.

Қайрат Кеңесұлы Бекмағанбетов – қалалық байқаудың «Еңбеккер жастардың тәлімгері» аталымына қатысушы. Ол отыз жылдан астам уақыттан бері «Астана Өңірлік электр желілері компаниясы» АҚ-да жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын 3 разрядты таратқыш желілерін іске қосу жөніндегі электромонтер болып бастаған. Ал бүгінде жедел-көшпелі қызметтің технигі, материалдық-техникалық жабдықтау мен бригадаға іске кірісу алдында нұсқама беруге жауапты. Отыз жылдың ішінде осы компаниядағы жоғары санатты мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған.

«Бұл мамандықтың қыр-сырын әскерде жүріп меңгердім. Одан кейін Целиноград қаласының қалалық электрлік желілеріне жұмысқа орналастым. Міне, содан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Жұмыс ауыр болғанымен, қызықты», – дейді кейіпкеріміз.

Ауырлығы электр тоғымен жұмыс істейтіндігінде, әрине. Бұл іс адамнан жинақылықты, зерделілікті, дәлдікті талап етеді.

Қайрат Кеңесұлы еңбек адамы қоғамын насихаттау идеясын қолдайды, өйткені бүгінде жастардың өндіріске баруға аса қызығушылығы жоқ.

«Қиын. Қала өсіп келеді. Жұмыс көлемі де артып келеді. Онымен қоса бригадалар кез келген ауа райында 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейді. Жел мен боран кезінде көп шақыртулар түседі. Жауапкершілік жоғары. Кез келген жан шыдай бермейді», – дейді тәлімгер.

Кейіпкеріміз жастарға қолдау көрсету үшін оларға барынша көп уақытын бөліп, қауіпсіздік ережелерін үйретеді, бай тәжірибесімен бөліседі. Қазір Өңірлік электр желілері компаниясында 58 электромонтер болса, соның жартысынан көп бөлігі Қайрат Кеңесұлының шәкірттері.

«Ол жақсы әріптес, әрдайым көмегін аямайтын тәжірибелі тәлімгер. Кеңес аға екі бала тәрбиелеп өсірген керемет отағасы. Біз барлығымыз оны құрметтейміз», – дейді шебердің шәкірті Дәулет Мейірбеков.

Көп жылғы адал еңбегі үшін Қайрат Кеңесұлы Бекмағанбетов Қазақстанның үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған.

Кейіпкеріміздің әріптестері оның байқауда жеңімпаз атанатындығына сенімді. Өйткені ол «тәлімгер» деген мәртебелі атаққа әбден лайық жан.

Естеріңізге сала кетсек, байқаудың қалалық кезеңін Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Кәсіподақ орталығы мен Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр.

Байқау еңбек адамын танытуды, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын іске асырудың тиімділігін қамтамасыз етуді мақсат етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер