«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жемқорлыққа үш себеп

2016 жылғы 20 Қыркүйек
- Астана қаласы
10129 просмотров

Қалыптасқан ахуал, құқықтық сауатсыздық, өзімбілемдік – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың негізгі үш себебі

Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті қызметкерлерінің пікірі осындай. Департамент қызметкерлері елордалық Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ ұжымына семинар өткізді. Семинар тақырыбы жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселесіне арналды.

2016 жылдың басында күшіне енген ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» жаңа заңын түсіндіре отырып, департамент өкілі Данияр Райымбаев алдыңғысына қарағанда бұл құжаттың алдын алу шараларына көбірек бағытталғандығын атап өтті.

«Квазимемлекеттік және жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үлкен рөл атқарып отыр. Оған ұжымдық сектордағы ашықтық пен қиянатқа жол бермеуге қатысты міндеттер жүктеліп отыр. Бизнестің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясы әзірленді. Оған бизнес-құрылымдар қол қояды. Сол арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастырады», – деді Данияр Райымбаев.

Осы секторда қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін автоматтандыру және электронды технологияларды қолдануды кеңейту қарастырылған. Өйткені жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтардың көбі қызметті ұсынушылар мен қызметті алушылар арасында тікелей байланыс болғанда жүреді. Сондай-ақ, мемлекеттің құрылыс пен экономиканың өзге де салаларында қатысуын қысқарту, инвестициялық климатты арттыру және кәсіпкерлер үшін тәуекелдерді азайту керек.

Шараны ұйымдастырушылар жемқорлыққа қарсы күрес әрбір азаматқа қатысты екенін атап айтты. Мысал ретінде желісі шынайы оқиғаға негізделген видеоролик көрсетті. Онда ата-ананың 18 жастағы ұлына көлік жүргізу куәлігін сатып алып бергендігі, ертесі сол жас жігіттің жол апатынан қаза болғандығы көрсетілген.

«Осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін, қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік атмосферасын қалыптастыру, жемқорлық заңбұзушылықтарына әсер ететін жағдайлар мен себептерді жою қажет», – дейді ұйымдастырушылар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер