«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өмірді жарқын жаққа өзгерту жолында

2016 жылғы 25 Тамыз
- Астана қаласы
11070 просмотров

«Green Tal» әлеуметтік жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйретуді жоспарлап отыр

Бұл жайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған және Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Жас Отан» жастар қанатының қалалық филиалы ұйымдастырған астаналық жастардың «Жастар. Энергия. Инновация» форумында жас кәсіпкер, «Green Tal»  тоқыма бұйымдар дайындау жөніндегі әлеуметтік шеберханасының жетекшісі Әмин Әскеров айтып берді.

Ол өз сөзінде әлеуметтік шеберхананы «мүгедектерді, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз тобын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және оларға көмектесу мақсатында екі жыл бұрын «Best for kids» қоғамдық қорының жанынан құрғанын атап өтті. 

«Қазіргі уақытта бізде 30-ға жуық адам оқудан өтті және 8 мүгедек шеберханада еңбек етіп жатыр. Біздің жобамыз осынысымен де ерекше – біз мүгедектерді, жалғызбасты аналарды, балалар үйлерінің түлектерін және аз қамтылған отбасы мүшелерін жұмысқа орналастырамыз. Осы санаттағы кез келген тілек білдіруші жан тегін оқудан өтіп, бізде жұмыс таба алады. Міне, әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміздің өзі де осы, дегенмен, ол Қазақстанда енді ғана дами бастады. Бірақ, жастардың және тілеулестердің көмегімен біз осы бағытта белсенді жұмыс істеудеміз», – деді Әмин Әскеров.

Ол әлеуметтік жағынан әлсіз адамдардың жұмысқа тұра алмауының бір себебі, дені сау адамдар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда табысты бейімделе алатынын жете түсінбеуі екенін атап өтті.

Әлеуметтік жобаның жетекшісі болашақтағы міндеттердің бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарды бизнесті жүргізудің негіздеріне үйрету, олардан үйінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкер шығару екенін айтты.   

«Бізге керегі – халықтың әлсіз топтарын ғана емес, әлеуметтік кәсіпкерлік соқпағына түсуді қалаған тілек білдірушілердің бәрін оқыта алатындай ғимарат табу», – деді Әмин Әскеров.

Залда жергілікті билік өкілдерінің және кәсіпкерлердің отырғанын пайдаланып, ол осы мәселені бірлесіп шешуге шақырды.

«Егер де ең болмағанда әрбір бесінші бизнесмен өз қалтасын ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де ойлайтын болса, Қазақстандағы өмір қалай өзгеріп сала берер еді десеңізші! Құрметті достар, бақытсыз жағдайдан ешкім сақтандырылмаған, бірақ біз көмегімізге шын мұқтаж адамдарды қамқорлығымызға ала аламыз. Сол себепті мен сіздерді қайырымды іс жасауға шақырамын және өз проблемаларыңыздың төңірегінде шектеліп қалмаңыздар! Біздің жобаға қосылыңыздар, сөйтіп біз Қазақстанды гүлдендіре аламыз!», – деп түйіндеді сөзін спикер.

Форум жұмысына барлығы 500-дей адам қатысты. Шара аясында қала жастарының ақпараттық технологиялар, ғылым мен техника саласындағы әзірлемелерінің көрмесі өтті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер