«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық тауар өндірушілер ынтымақтастыққа дайын

2016 жылғы 14 Шілде
- Астана қаласы
11724 просмотров

Астанада Мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша кезекті отырыс өтті

Отырысқа жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ҰКП өкілдері, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының, қала мектептерінің, колледждер мен балабақшалардың басшылары, сонымен бірге жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібіндегі отандық компаниялар қатысты.

Отырыс барысында олар білім беру саласындағы жұмыстардың, тауарлардың және қызметтердің мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық құрам үлесін арттыру жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Отырысты ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алулар порталының мәліметтері бойынша былтыр елордадағы білім беру басқармасы мен оның ведомствоішілік ұйымдарының сатып алған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жалпы көлеміндегі қазақстандық құрам үлесі  61%-ды құрады, ал биылғы жылғы алты ай ішінде 35%-ға тең болған.

«Қазақстандық құрам үлесінің азаюының объективті себептеріне мемлекеттік сатып алулардағы заңнамада «қазақстандық құрам» түсінігінің болмауын жатқызуға болады. Бұл түсініктің болмауы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіруімен байланысты. Сонымен бірге, тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алулар порталындағы қазақстандық құрам туралы бөлімдерді толтырмауы, мұның арты сандық көреткіштердің дәл сандарды көрсетпейтініне әкеліп отыр. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып  алу қатысушыларын тиісті бөлімдерді дұрыс толтыруға шақырамын», – деп хабарлады Андрей Лукин.

Отандық мектеп формасын өндірушілерді қолдау мақсатымен, ол, астаналық білім беру басқармасына мектеп формалары жәрмеңкесін өткізуге арналған сауда алаңдарын жеңілдікпен бөлу мәселесін қарауды тапсырды.
«Атамекен» ҰКП-на Лукин Астана қаласы бойынша ОТӨ тізімін ұдайы жаңартып отрыуды ұсынды.

ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, 2005 жылы Қауымдастық Қазақстанда бірыңғай мектеп формасын енгізу мәселесін көтерген. Міне, былтыр заңнамаға көптен күткен өзгерістер енгізіліп, биыл білім және ғылым министрінің бұйрығы шықты. Оның айтуынша, Алматыда барлық мектептерде бірыңғай мектеп формасы енгізіліп қойған, ал Астанада бұл процесс әлі де тежеліп отыр.

ОТӨ қолдау және олардың әлеуетті сатып алушылары – мектептермен  тікелей байланысын жолға қою мақсатында Қауымдастық Астанада, Алматы мен Павлодарда мектеп формаларын өндірушілерінің көрме-форумдарын ұйымдастырды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірге жұмыс топтары Қазақстан өңірлерінде болып, онда мектеп басшыларымен және ата-аналар комитеті басшыларымен кездесу кезінде оларды патриоттыққа және мектеп формасын ОТӨ-ден сатып алуға шақырды.

Любовь Худованың атап өткеніндей, бүгінгі күні Қазақстандағы мектеп формасы нарығы шамамен 37 млрд теңгеге тең, олардың  7%-ы ғана отандық өндірушілер үлесінде екен. Қалған үлес Ресей, Түркия, Қытай және Қырғызстан тауарларына тиесілі. Ал әкелінетін өнімнің сапасы кейде тіпті көңіл көншітерлік болмай жатады.

«Қауымдастық жанына біз мектеп формасының сапасын бақылау комитетін құрдық. Биыл біз Қазақстанға келетін мектеп формаларының сапасын бақылауды қамтамасыз етуге дайынбыз. Мектеп формасының сапасы – бұл балаларымыз бен ұлт денсаулығы деп санаймыз», – деді ол.

Қауымдастық тәжірибесіне көз жүгірте отырып, Любовь Худова классикалық үлгідегі қою көк түсті формаларды шығаруды ұсынды.

ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының вице-президенті Игорь Проценконың айтуынша, қауымдастыққа Қазақстанда әрекет ететін 300 жиһаз өндірушінің 90-ы кіреді. Бұл тұста мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектептерге арналған жиһаз жасауға 20-ға тарта компания ғана маманданған көрінеді.

«Мектеп және мектепке дейін мекемелерге арналған жиһаздар нарығын біз 15 млрд теңгеге бағалап отырмыз, бұл тұста республикадағы муниципалды мектептер саны 7,5 мың, ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 5,5 мың және нарық анық сегменттелген. Біз бұл нарықты екі тәуелсіз бағытқа бөлеміз. Бірі – жиһаз жеткізілімі салынып жатқан әлеуметтік инфрақұрылымдарға арнап жүзеге асатын қосалқы мердігерлер нарығы, екіншісінде  жиһаз жеткізілімі мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асады. Бұл ретте салынып жатқан мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар саны бойынша Астана көшбасшы саналады», – деді Игорь Проценко.

Дегенмен, ол ірі жиһаз фабрикаларындағы жұмысбастылық бүгінде 40%-дан аспайтынын да жеткізді.

Сөз сөйлеу барысында бизнес және өзге қауымдастықтар өкілдері білім беру саласына жұмыс жасайтын ОТӨ қолдауға байланысты өз ұсыныстарын айтты.

Отырысты қорытындылай келе, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов Палатаға кәсіпкерлерден түскен шағымдардың көбі тапсырыс берішулердің техникалық ерекшеліктерді импорттық өнімге әдейілеп шақтап жасайтынына қатысты екенін айтты. Нәтижесінде прокуратура, қаржы бақылауымен бірге араласа жүріп, бұл тендерлерді тоқтатып, кінәлілерді жауапқа тартуға тура келеді.

«Мұндай әрекеттер заңнаманы бұзу болып саналады, себебі отандық тауар өндірушілердің сатып алуларға қолжеткізуіне кедергі болады. Мұндай тұстар бар. Бүгін мектеп директорларымен кездесуге 5 қауымдастықтың, 14 жеңіл өнеркәсіптің, 27 жиһаз жасаушы компанияның өкілдері келіп отыр. Біздің кәсіпкерлер байланысты жолға қоймақ ниетте. «Атамекен» Ұлттық палатасы мен Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы бұған қол ұшын созуға даяр», – деп атап өтті Ғани Тасмағанбетов.

Еске салсақ, Мемлекеттік сатып алулар саласындағы отандық тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі ведомствоішілік комиссия Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Астана әкімдігінің бірлесе күш салуының арқасында, 2016 жылғы 4 ақпандағы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыс хаттамасы аясында құрылған. Оның құрамына прокуратура, МКД мен бірнеше қалалық басқармалар, «Нұр Отан» партиясы филиалы мен бизнес өкілдері, мәслихат депутаттары кірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер